Бүгін:

Менеджмент майталманы – Питер Друкер

1

Менеджмент – өзіндік арнасы, бағыт-бағдары қалыптасқан дербес ғылым. Ең қызығы, өткен ғасырдың алғашқы үшегінде оның өзі тұрғай, көлеңкесі де жоқ еді. Менеджментті қоғамдық ғылымдардың қолтығынан шығарып, қатарға келтірген – Питер Друкер. Адами ұзақ ғұмыр кешкен ғалым өзі қазған құдықтың қабырғасын шегендеп, аузын әйкелдеп кетуге де жараған. Басқаша айтсақ, ондаған кітап жазып, балаңқы ғылымның дара жолын сызып, бар болмысын айқындап берген. Бүгінде Друкер есімі күн түбінде ғана емес, күншығыста да әйгі. Жапондар мен корейлер айрықша құрметпен атайды. Қытай жұрты да алқау сөзін салиқалы іспен бекітіп отыр. Жер-жерде бой көтерген Питер Друкер Институттары – соның айғағы.

Бір кезде ақырсам аспан тітірейді дейтін Гарвард университеті Друкерді жұмысқа шақырған екен. Бір емес, бірқанша рет. Жалынған, жалпайған, бірақ қолқасын өткізе алмаған. Қандай да жетістікке еңбексіз жету мүмкін емес деп білген Друкер Гарвард сынды айдынды университтерден өркеуде жастар шығады деп сенген. Түлектердің көбі алатер болғысы келмейді. Асқаралы университеттің дабыралы беделін қалқалап, бірден айға шапқысы келеді. Мансап қумаған, престижге ермеген Друкер өмір бойы ортақолды университетті жағалайды. Бұл – ғылымға еселі үлес қосуға, өзі қазған сара жолдың кенересін одан әрмен кеңейтуге бөгесін емес, себесін болады. Бір мысқал ақылын тыңдауға бизнес ұстаған кәсіпкерлер ғана емес, жұрт ұстаған жақсылар да ағылады. Тілін алып, саясатын түзегендер тығырықтан шығады, мұратына жетеді, елеп-ескермегендер сыбағадан қағылып, көш соңында құлазып қалады. Бұл – Друкердің идеяларымен «басы шырмалған» шәкірттерінің дәйекті дерегі.

Анығы – алмағайып заманда жасап, Батысты да, Шығысты да таныған, жаһандық өредегі компанияларға жол нұсқап, азаматтық қоғамның қалыптасуына ат салысқан Питер Друкерді зерттеп жүргендердің қарасыны күн озған сайын молайып келеді. Артында қалған мұрасы мәнін жоғалтпады, маңызын жоймады деген сөз. Сыртында сөлі, ішінде нәрі тұнып тұр деген сөз. Біздер де қалыс қалмайық, біртуар ғалымның тырнақалды еңбектерімен там-тұм танысайық дедік. Капиталисттік қоғамның қағидаларына қанық Батыс жұрты жапырып оқып жатса, біздерге қақас қалу жараспайды. Мәселе – дүрмекке еруде емес, дүниенің төрт бұрышына танылған тұлғаның түйінді ойларына үңіліп, ептеп-септеп сабақ алуда. Қазақ «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген.

Мана айттық, Друкер өндіріп жазған, деп. Шынында да, атауы басқа, мұқабасы бөлек, мазмұны төтен еңбектері үйме-жүйме араласып, бықып жатыр. Алғашқысы жарияға 1939 жылы шықса, соңғысы баспа бетін 2008 жылы көрген. Даңқты ғалымды қадағалап оқуға бекінген қандай да оқырман мәңгіріп қалатындай ұшан-теңіз дүние. Басынан бастап аяғына түскен жөн бе, бақайшығынан тартып төбеге шыққан дұрыс па?! Әлде, «Тисе терекке, тимесе бұтаққа» деп, қолға түскенін тиісінше тексермей, бей-берекет түгескен ақыл ма?! Бақытымызға қарай, бар ғұмырын менеджмент деп аталатын ғылымның мерейін көтеруге бағыштаған Друкер шау тартқан шағында құбылнама есепті бір кітап жазған екен. Бұл еңбекке озық та өміршең тұжырымдары мен тиянақты толғамдары енген. Сұңғыла ғалымның менеджментке қатысты пікірлерін толыққанды ашпаса да, аз-мұз қарақтануға мүмкіндік беретін «The Essential Drucker» – біздің кіріспе кітабымыз болмақ.

Ал, кеттік…

Менеджменттің пайда болуы

Друкердің айтуынша, Карл Маркс Das Kapital-ды таңбаға түсіріп жатқан тар заманда (1850-інші жылдар) менеджмент деген феномен атымен жоқ-тын. Жүздеген адамды сыйдырған даңғайыр құрылымдар қадау-қадау еді. Ең ірісі – Манчестердегі мыс зауыты Маркстың ежеттес досы Фридрих Энгелстің ғұзырында болатын. Үш жүз адамға жұмыс берген аталмыш өндірісте менеджер деген лауазым әу бастан қарастырылмаған. Ұйымдастыруды керек ететін шаруаны белсенді жұмысшының бірі атқарған. Сана санға, ой онға бөлінетін оспадарсыз тәртіп.

Тәрізі, мүмкіндіктер ұлғайып, қарым ұзарған сайын зауыт-фабрикалардағы жұмысшылардың қатары кемелдене береді. Бірте-бірте «жаһандық экономика» деген ұғым қалыптасып, басқарудың қарабайыр жорасы қожырауға айналады. Дей тұра, менеджменттің бар екендігі турасында емескі әңгімелер мен жадағай дискурстар Бірінші Жиһан Соғысының қарсаңында ғана елес береді. Оның өзінде, ауыл арасында ғана.

Бір сөзбен қайырсақ, бүгінде есебіне жетіп болмайтын «менеджерлер мен кәсіби қызметкерлер» өткен ғасырдың басында жоқ дейтіндей аз еді. Әйткенмен, жалғас жылдары ұланғайыр трансформация басталады. Басқару мен ұйымдастыру ісіне жауапкер дипломды жұрт жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай көбейіп кетеді. Ұйытқы болған ¬– менеджмент деген ғылым. Өйткені, менеджмент білімді әрі машықты мамандарды орайымен ұйыстырып, бейбіт мақсат жолында жұмыс істетуге болатынын көрсетеді. Друкер мұны «адамзат шеруіндегі ең бір бұрылысты кезең» деп атайды. Арғы-бергі тарихта ешбір қоғам білімі ерек, машығы бөлек адамдарды өз еріктерімен бір жерге байлап қоюға жарамаған. Ұғым-түсінігі, тәлім-тәрбиесі қайшы кісілер келісімге келіп, қаймағы бітеу ұжым қалыптастыра алмаған. Күнікешеге дейін солай болған. Друкердің пайымында, ынтымақты топтың шырқын бұзып отырған шығыршықты менеджмент тарқатқан.

Болмысы бөлек көп жанды бір жерде ұзағынан ұстау және атаулы бірліктің барлық мүшеге пайдаға шығатынын ұқтыру – менеджменттің міндеті. Менеджментсіз аршындап ілгері басу, үздіксіз даму мүмкін емес. Осы арада, неге деген заңды сұрақ туады. Жұрттың бәрі прогресстің кілті – білімде деп біледі ғой?! Друкердің уәжіне сенсек, ондаған ғасыр бойы білім деген игілікті болымды жобаларға жұмылдыру қиын боп келген. Елде жүрген білімдар адамдар абыройлы мұрат жолында қаяусыз әрі тоқтаусыз қызмет етуге көнбеген. Ғасырлар бойы шешілмей келген осынау проблеманы өткен ықылымда менеджмент шешкен. Менеджмент білім деп аталатын мақтаулы құндылықты төменнен тартып, төрге оздырған да, экономиканың ең бір әспетті капиталына айналдырған.

Менеджмент пен антрепренершип (инновация) егіз

Менеджмент пен антрепренершип – егіз ұғымдар. Друкер солай ойлаған. Ал бірақ көп жұрт басқаша пікірде болған. Ақылы марқа ғұламалар менеджмент бар жерде антрепренершип жүрмеуге тиіс деп білген. Екеуі ежелден егес («adversaries»), бағзыдан бақас («mutually exclusive») деп сыпатталған. Алайда Друкердің пайымынша, атаулы ұғымдар қайшы емес, керісінше, қойындас. Екеуі жүрген жерде ғана береке бар. Себебі инновацияны суқаны сүймейтін қандай да бизнес, кәсіподақ, аурухана міндетті түрде божырауға бет алады. Жаңаға қас қандай да құрылым іштен шіріп, кері кетеді, құлдырайды. Антрепренершиптің мәйегі саналатын инновация – дамудың кілті. Онсыз бақ та жанбайды, сәт те келмейді. Тоқтап қалған тетікті тек қана тот басады. Ал бірақ менеджмент болмаса, аяққа тұрып келе жатқан бизнестің де берекесі кетеді. Менеджменттің мәйегі саналатын бюрократия – жүйелі жұмыстың кілті. Бір сөзбен айтқанда, кежегені кейін тартатын мінезі бар менеджмент инновацияның арқасында ғана көл бетінде қалқып тұрады. Әйтпесе, суға кетіп жоғалады.

Айтылғандай, өткен ғасырдың екінші жарымында жазылған ғылыми-негізді кітаптар антрепренершип пен инновацияны тиісінше тексермейді, назардан қақас қалдырады. Себебі компаниялар қолдағыны көбейтуге емес, сақтап қалуға көбірек мән береді. Десе де, алдағы жылдары атаулы қағиданың толымсыз екені аңдалады. Сөйтіп, көптеген университеттерде «Entrepreneurship and Innovation» деген арнаулы дәріс пайда болады. Бұл аса маңызды мәселе болғандықтан, түсініп-білу үшін артық қайрат, көп уақыт керек деген сөз. Әсіресе, технологияның дәурені жүріп тұрған екпінді заманда.
Друкер – барды қорғай отырып, болмақты болжау, яғни, менеджмент пен антрепренершипті (инновацияны) қабыстыру қажет екенін алғаш айтқан ғалым. Бұлар арбаның екі дәртесі сияқты, бөліп қарауға келмейтін егіз ұғымдар.

Менеджменттің міндеттері

Сонымен, менеджмент деген не?! Друкердің сан салалы тұжырымдары мен толғамдарын сығып алғанда төмендегі шығады:

• Менеджмент – кісі ұлы туралы ғылым. Міндеті – адамдардың бірлесе әрекет етуіне қолайлы жағдай жасау, олардың басымдықтарын асырып, кемшіліктерін жасыру. Үлкенді-кішілі ұжымның бәрі дерлік осыны мақсат етеді. Ендеше, менеджмент – жетекші, шешуші фактор. Онсыз ынтымақты ұжым қалыптастыру мүмкін емес. Друкер айтады, бүгінде есі түзу, дені сау жұрттың түгелге жуығы бір мекемеге байланған. Олардың ішім-жемі ғана емес, қоғамның дамуына үлес қосып-қоспауы аталмыш мекеменің менеджментіне байланысты. Басқаша айтсақ, қабілетті маман, білімді қызметкер менеджменті мардымсыз жерде еңбек етсе, өзі ғана ұтылып қоймайды, басқаны да жарылқай алмайды.

• Менеджмент әр түрлі адамдарды ортақ жоба аясында топтауға жауап беретіндіктен халықтың мәдени құндылықтарымен біте қайнасқан. Британиядағы, Алманиядағы, АҚШ-тағы, Жапониядағы және Бразилиядағы менеджерлердің атқаратын қызметі бір болса да, іске асыру тәсілі бөлек-бөлек. «Сол үшін дамушы елдегі менеджердің негізгі міндеті – халқының салт-дәстүрін, тарихын және мәдениетін түбегейлі тексеріп, жергілікті менеджментті қалыптастыратын кірпіштерді анықтау», – дейді Друкер. Жапонияның дамып, өркендеп, экономикасы кемел, іргесі мығым елге айналуының, керісінше, Үндістанның бар қуатын кәдеге жарата алмай, булығып, былығып, көш соңында қалуының астарында жатқан негізгі кілтипан осы. Алдыңғысы сырттан келген менеджмент теорияларын жонып, түзетіп, ата-баба заманынан қалыптасқан дәстүрлі басқару жоралғысына бейімдеуге жараса, кейінгісі жергілікті рәсім, низамды ескермей, сол қалпында қабылдай салған.

• Кез келген жоба адамдардың бүкпесіз беріліп, қалтқысыз адалдық танытуын тілейді. Әйтпеген жағдайда, жиналған жұрт ынтымақты ұжымға емес, жүгенсіз тобырға айналады. Қарақұрым қауымды абыройлы іске орайымен жұмылдыру үшін ұжымның үп-үлкен, ап-айқын мақсаты болуы керек. Арыда жатқан асқаралы арманға жеткізетін беріде жатқан кіп-кішкентай істер де түсінікті болуы керек. Менеджменттің ең басты мақсаты – жолдың мұратын белгілеу, ізінше бекіту, содан соңғы жерде ұғынықты етіп түсіндіру.

• Менеджменттің ендігі бір міндеті – мекемедегі қызметкерлердің тұлғалық дамуын, жетілуін қамтамасыз ету. Себебі сырттағы шарттар мен жағдайлар ұдайы өзгеріп тұрады. Қандай да құрылымның қоғамдағы құбылыстардан шеттеп қалуы мүмкін емес. Я қабыл көріп, дер кезінде бейімделеді, я да табан тірей алмай, кері кетеді. Сондықтан ұжымдағы барлық адамның сәт-сәт әлденіп тұруына, яғни, жаңа машықтармен қаруланып, таңсық дүниемен танысып тұруына жағдай жасалуы қажет. Бұл да менеджментсіз жүзеге аспайды.

• Ұжымдағы адамдардың машықтары мен қабілеттері алуан түрлі келеді. Алайда бәрінің мүддесі бір болғандықтан, өзара үздіксіз қатынасып, мүмкіндіктері мен басымдықтарын ұшқастыруы шарт. Қызметкер өзінің міндетін біліп қана қоймай, басқалардың не бітіріп жүргенін көріп отыруы керек. Өлшемнің бір, түсініктің ортақ екені барлық жанға анық болса, қайталау аз, толықтыру көп болады. Әркім өзінің жарқа екенін, бөлшек екенін сезінсе, бүп-бүтін ұжым қалыптасады.

Менеджменттің іргесін бекітіп, түпкілікті негіздеп кеткен Питер Друкердің басқа да еңбектеріне үңіліп, журналдың жалғас сандарында дербес-дербес беріп отырамыз. Ұлы ғалымның ұлағаты шиыртпақты көп мәселеге сәуле шашады деген сенімдеміз.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×