Бүгін:

ЛЕСТЕР СИТИДІҢ төтенше жеңісінің сыры

6

Биыл футбол әлемі дүр сілкінді. Еуропа шегінде өтіп жатқан кездесулерді іждағаттылықпен қадағалайтын жанкүйер қауым айрықша толқыды. Түсінікті де. Алманияда Бавария, Испанияда Барселона, Францияда ПСЖ сынды мағлұм-мәшһүр клубтар үйреншікті тұғырға көтеріліп жатқанда ағылшынның дабыралы кубогы бұрын аты шықпаған – Лестер Ситиге бұйырды. Соңғы жиырма жыл орайында тегеурінді төрт клубтың қанжығасында кетіп отырған кубокты екінші қатардағы команданың еншілеуі – сөз жоқ, таңбалы оқиға. Іргесі бүтін, бюджеті қомақты серектер секем алатын, ал чемпиондықтан үміт үзген талайсыз топтар серпіліп қалатын төтенше құбылыс.

Лестердің жетістігіне ұйытқы болған себептер көп. Бәрін санамалап жату қажет емес. Біздіңше, шешуші дейтін үш фактор бар. Соларды ретімен таратамыз.

1.Лестер – кәсіпкерліктің ұйықты мекені

Немістің ойшыл қаламгері Гөте: «Ірі іс бітіру үшін әуелі ірі болу керек», – депті. Үлкен мақсатқа үлкен адам ғана жетеді деген сөз. Жаңа көктеген дән топырағы май, суы бал жерде өссе ғана мол өнім береді деген сөз. Осы тұрғыдан алғанда, Лестер Ситидің Лондондық Челсиді ықтырып, Манчестер мен Ливерпульдің кеуделі клубтарын бұқтырып, қарымды Арсенал мен алымды Тотенхэмның бағын байлап, күтпеген жерден ұшпаққа шығуы –ертегілік құбылыс көрінгенімен, мүлде қисынсыз емес. Қайта, артында кәделі елі, қордалы қаласы тұрғанда төбедегіні кешігіп барып алғанына таң қаласыз!
Англияның қақ ортасында ірге тепкен Лестер – қатардағы көп шаһардың бірі емес, тарихы байтақ, базарлы, дулы қала. Әр жерде қаңырап бос тұрған еңселі ғимараттар – кешегі даңқты күндердің айғақты дәлелі. Индустриализация дәуірінде алыс-жақынды текстиль өнімдерімен жабдықтап келген Лестер 1936 жылы Еуропадағы ең дәулетті екінші қала атанған. Шалқып-толқып жарым ғасыр тағы отырған.

Әйткенмен, бірте-бірте заман өзгереді, талап күшейеді, басымдық мешеу дамыған елдерге көшеді. Киім-кешекті арзанға тоқып, жан-жаққа дүркінімен жөнелтіп үйренген жағдайы кеміс Азиядағы қалалардың дәурені басталады. 1980 жылдар жапсарында Лестердің қарымы қысқарып, дабырасы көмескі тартады. Біздердің Лестер турасында көп білмеуіміздің себебі осында. Әйтпесе, «Leicester clothes the world» деген ұранның астында күнікешеге дейін дүркіреп тұрған, текстиль бойынша ешкімді теңгермеген, Англияның ғана емес, Еуропаның әспетті қалаларының бірі болатын.

Тәрізі, жаңа ықылым жаңа мүмкіндіктер әкеледі. Ырысы ортайған ел қайтадан еңсе жазады. Лондонды есепке алмасақ, бүгінде Лестер – Британиядағы бизнестің ордалы ұйығы саналады. Компаниялардың туып-өркендеу қарқыны жөнінен ірілі-уақ қалалардың бәрінен көш ілгері. Сәйкесінше, іргелес аймақтардан жұмыс іздеп келіп, біржола орнығып жатқандар қарақұрым. 2001-2011 жылдар аралығында тұрғындардың жиын саны 17 пайызға өсуі содан. Қазақ: «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар?» деген. Лестерде жұмыс болмаса, жұрт ағылып несі бар дейміз.

Кәсіпкерлікті айрықша дәріптейтін жергілікті университеттер де (University of Leicester, De Montfort University) қаланың қарымын ұзартып, өрісін кеңейтуде. Мәселен, өткен жылы De Montfort университетінің жанындағы Enterprise Inc. бағдарламасы болашағы зор дейтін 135 стартапқа қаржылық қолдау көрсеткен екен. Басшылық тарапынан қолғабыс жасалатынын жақсы білетін бакалавр студенттері стартаптарға ертеден қызығады. Оқу біткен соң, бірсыпырасы диплом құшақтап сандалмайды, университет қабырғасында пісіп-жетілген бизнес жобаларына жан бітірудің жолына түседі. Әлбетте, бүйткендердің бәрі барқадар таппайды. Алайда, азғана топтың мақсаты орындалып, мұраты баян тапса, Лестердің бойына қан жүгіреді.

Тар заманда бөтенді бөлектемей, босағасына тартқан Лестер қаласы алыс-жақынға уыздай ұйыған тыныштығымен де мағлұм. Үш жүз мыңнан аса тұрғыны бар қаланың жарымына жуығы нәсіл-тегі бөтен келімсектер. Бұл – Британиядағы үш-ақ шаһарға тән сыпат. Өткен ғасырдың соңғы үшегінде жер аударуға мәжбүр болған әр түрлі қауым өкілдерін бауырға басқан Лестерліктер қонақжайлықтың өзгеше үлгісін танытса керек. Өз кезегінде иммигранттар да күні еңкейген қаланың кәсіпкерлік рухын қайта тірілтуге атсалысады. Әсіресе, Гужараттық үнділер айрықша үлес қосады. 1972 жылы Угандадан қопарыла көшкен Гужараттық үнділердің алдыңғы буыны шағын-шәрке дүкен ашып, әупіріммен жан бақса, кейінгі ұрпағы биік асқарға ұмтылып, отбасылық бизнестерін құрады. Соның бірі – Crown Crest намындағы алып ритейл желісі.

Кәсіпкерлікті айрықша ұлықтап, байлыққа жеткен, сан-сапалақ ұлт өкілдерінің теңдік дағуада ғұмыр кешуіне жағдай жасап, нәсілшілдікті жеңген Лестер қаласының спорттық жетістіктері де көл-көсір. Ел кубогын бірнеше мәрте олжалаған рэгби клубы – Leicester Tigers қаланың даңқын ерте дабылдатқан. Жергілікті баскетбол командасы да, крикет клубы да көп жылдар бойы тұғырдан түспей, Англияның мүмкін ықтимал кубоктарының бәрін иеленген. Лестерліктер өз қалаларын «Англияның спорттық астанасы» деп атауы бекер емес. Әсіресе, Премьер Лиганы жеңіп алғаннан кейін, бұл мақтаннан гөрі, шындыққа жақын дәйекті лепес екені аңдалады.

Қазақ «көрпеңе қарап көсіл» дейді. Лестер Сити чемпион атанып жатса, көрпесіне қарап көсілгенінен деп біліңіз.

2. Атаққа шықпаған, табанды ойыншылар

Айттық. Лестер Ситиді жеңіске жетелеген үш фактор бар. Клаудио Раньеридің ақылман саясаты – жетекші себептер қатарында. Алайда, «жауды жеңген жалпы жұрт, батыр аты Барақта қалды» деген. 2014 жылы Чемпионшипті жеңіп алған, өткен маусымның соңына тақау жанын сала ұрысып 20-шы орыннан 14-ке бір-ақ секірген жырынды команданың негізгі құрамы Раньериге дейін ұйысып қойғанын ұмытпау керек.

Лестер ойыншыларының есімі бір жыл бұрын ауыл арасында болмаса, әлемге әйгі емес-тін. Сырттай қарағанда, ойдан шыққан, қырдан түскен, дабыралы клубтардың назарынан тыс қалған, қаражаяу футболшылар. Мұндай топпен тау қопару былай тұрсын, Премьер Лигада тұрақтап қалу неғайбыл дерсіз! Ағылшын чемпионатына болжал жүрмейді деген күннің өзінде дәл осы құраммен ұшпаққа шығу мүмкін еместей. Көпті көрген букмекерлер де сүйтіп ойлаған. Маусым қарсаңында Лестер Ситидің жеңімпаз атану ықтималы 5000/1 деп кесілген. Алайда, сәуегейлерді сан соқтырған команда өзінің осал жері – ең басты басымдығы екенін дәлелдеді.

Расында да, жұлдызды футболшылардың аздығы Лестер Ситиге бөгесін емес, себесін болды. 1981 жылы Муир есімді биолог өткізген өзгеше бір эксперимент соны меңзейді. Оқымысты ғалым бірқанша тауықты оқшаулап, алты ұрпақ бойы бақылайды. Уақыт өте келе, көп өнім бергендерін тағы да даралап, аулаққа көшіреді. Өңшең мықтының басы қосылғандықтан, екіншіні «супер-қауым» (super-flock) деп атайды. Алты ұрпақ ауысқанша тағы тосады. Межелі уақыты жеткенде екі топты өзара салғастырып көреді. Бақса, бірінші топтың жағдайы жақсы, тіршілігі жарасымды екен. Тауықтар қомданып, жұмыртқа саны мейлінше көбейген. Керісінше, кіл мықтылар топтасқан екінші топтың халі мүшкіл, тұрмысы жадау боп шығады. Үшеуі ғана тірі жүр дейді. Сөйтсе, өркеуде тауықтар сыйыса алмаған, бірі жұмыртқа басуға кіріссе, басқасы тосқауыл жасаған. Өздері де өспеген, өзгені де өсірмеген.

Анығы, кейде бюджеті қалың клубтар жұздызды ойыншылардың көптігінен дағдарысқа түсіп, еншілі сыбағадан қағылып жатады. Кубоктың неше атасын көрген, жеңістің неше түрін татқан, қалталы ойыншылар бапкердің сөзін жүре тыңдауға бейім тұрады. Тіпті, үстінен арыз түсіріп, тентіреп жіберуге дейін барады. Ал егер көкірегі көк тіреген екеуі яки үшеуі өзара түсінісе алмаса – бітті, босалаң бірліктің өзі жоққа саяды. Жеңістің ауылы мүлдем алыстап, ауыздағы біржола кетеді.

Керісінше, халыққа таныла қоймаған, қалтасы жұқа ойыншылардың, әдетте, командадан тысқары тілеуі болмайды. Жеке бастың жеңісінен гөрі, жалпы ұжымның ұтысын артық санайды. Қолдағы мүмкіндіктен айырылып қалмау үшін бапкердің айтқанынан шықпайды, одағай мінез танытпайды, тәртіппен жүріп, тәртіппен тұрады. Қапелімде жеңіліске ұшыраса, кінәліні іздемейді, қиындыққа тап келсе, селбесе қимылдап, бірлесе еңсереді.

Лестер ойыншыларының ортақол, тіпті, одан да төмен екендігі жұпыны жалақыларынан байқалады. Мәселен, 1994-95 жылғы маусымда чемпион атанып, дақпыртты сенсация жасаған Блэкберн (Blackburn) ойыншылары мүлде қаражаяу емес-тін. Керек десеңіз, Блэкберн Премьер Лигада мол кесімді еңбекақы тағайындаған төрт клубтың бірі болатын. Жалғас жылдары ағылшын кубогы айрықша дәулетті үш клубтың еншісінде кеткенін ескерсек, қаржының болымсызды болдыратын күшін ешкім жоққа шығара алмас. Алайда, мықтының бәрінен қара үзіп, бірінші келген Лестер Сити жалақы жөнінен алғашқы ондыққа да кірмейтін. Басқаша айтсақ, бюджеті шектеулі клубта «супер тауықтар» әу бастан қат, тапшы болатын, ойыншылардың тугелге жуығы қатардағы «жұпыны тауықтар» еді.

Лестер Сити ойыншыларының жеңістен жеңіске жетіп жатса да, күпсінбеуі, көлгірсімеуі, масаттықты сабырға жеңдіріп, игілігі мол,мақтаулы кубокқа қолдары жеткенше, омбылай беруі содан.

3. Тәжірибелі бапкер

Сөз жоқ, кез келген бастаманың сәтімен түйінделуі тізгінде отырған басшыға байланысты. Лестер Ситиді чемпиондыққа жетелеген Клаудио Раньери – талай қауғаны бастан өткерген, жетелі бапкер, намыс пен сөгістің қазанында піскен, тәжірибелі маман.

Раньеридің карьерасында «әттең-ай» дейтін тұстар көп. Көбінше, көтеріліп барып, омақаса құлап отырған. Каглиари, Фиорентина, Монако сынды клубтарды жоғарғы лигаға жеткізген, Фиорентинамен, Валенсиамен келіссіз кубоктарды еншілеген, Ювентус, Рома, Монако тәрізді ірікті клубтармен вице-чемпион атанған бапкер ешбір лиганы жеңе алмай келген. Тіпті, көзі тірісінде жолсыз, талайсыз атанған санаулы менеджердің бірі болатын.

Раньери өзінің тағдырына, әсіресе, Романың тұтқасын ұстаған жылы қатты кейісе керек! Бірінші орында ұзағынан тұрған командасының аз-кем емес, төрт-ақ ойыны қалған-тын. Бір ышқынса, бар мұраты орнына келетін еді. Өкінішке қарай, тұтқиылдан Джозе Мауриньоның Интері килігіп, қолдағыны жұлып әкетеді. Тағдырдың мазағы дейміз бе, кейінде Челсиге ауысқан, ол жерде де сенімді ақтай алмаған Раньеридің орнына басқа емес, Мауриньо келеді.

Өстіп жолы болмай, жұқарып жүрген Раньери алым, айбарын, ұстанған жол-жобасының дұрыстығын бір-ақ маусымда танытады. Өткен жылы көп сүрініп, сүргінге кете жаздаған Лестер Сити алпысты алқымдаған ақбас бапкердің басшылығында «басқа шауып, төске өрлейді». Менмендіктен ада клуб ойыншылары өлермендікке үйретпейтін байсалды менеджермен түсінісе қимылдап, жетістікке жетудің басқаша жолын сызады, кейінгіге көшелі үлгі тастайды.

Бұл қандай жол, нендей үлгі?! Есіңізде болса, Премьер Лиганың 23 кубогының 16-сын жеңіп алған Фергюсон да, Мауриньо да бүкіл маусымды «жау шаптымен» өткізетін. Ай мен күннің аманында төрешілермен тәжікелесіп тұратын. Өкшені басып келе жатқан бақталас клубтың бапкерін «көтеремсің» деп қағытатын. Екеуі де Арсен Венгерге жөнсіз тиісіп, жаулық ниет, өшпенді көзбен қарайтын.

Ал, арманды тұғырға дабырасыз көтерілген Раньери «арық айтып, семіз шықты». Үлкен істің айқайсыз жасалатанын көрсетті. Англияның жуан клубтарымен белдесіп, бет қаратпай жеңіп отырса да, мейманасы тасымады, астам сөйлемеді. Әманда чемпиондықтан дәмесі жоғын ескертті. Кубокқа таласы бар Тотенхэм бапкері Почетиноны ара-тұра сөзбен жерлеп, тұқыртып отыруды тіпті ойламады.

Әсілі, биылғы маусымда Раньери төрт нәрсені істемеді: төрешіні жазғырмады, қайшы топтың бапкерін де, ойыншысын да азғырмады, өз командасының құрамын көп өзгертпеді және жеңіліске көп ұшырамады. Шырғалаңы мол карьерасы ешкімге соқтықпай, ешкімді дәмелендірмей, межелі биікке аспай, саспай көтерілуді үйреткен сияқты.

Сонымен, түйіп айтсақ, мұратқа жетудің тағы бір жолы бар. Ол үшін үш нәрсе қажет. Біріншісі, байтақ тарих, бай тәжірибе, сыннан өткен өміршең құндылықтар. Бұлар – жасампаздыққа жетелейді, дүмшеліктен құтқарады, ірі істерді атқарып шығуға қажетті қолайлы жағдай жасайды. Тамыры жоқ ағаштың жапырағын жайып, көкке ұмтылуы мүмкін емес. Екіншісі, жеңісті барынша қалайтын, жетістікті мейлінше қажет ететін, сол жолда ынтымақтаса қимылдауға ықтиятты, атаққа да, ақшаға да мұқтаж, қайратты ұжым. Үшіншісі, қолдағыны ұқсатымды пайдаға асыра алатын, тәжірибесі мол, сабырлы да ақылман басшы. Өткен маусымда осы үшеуі Лестер Ситиде сәтімен тоғысты.

Ата-бабаларымыз «Жалғыз торғай келгенімен жаз шықпайды» депті. Лестер сияқты бюджеті шақтаулы клубтардың жеңіс тұғырына көтерілуі алдағы уақытта та төтенше құбылыс боп қала береді. Қомақты қаржы мен оның буына елтіген қызуқанды бапкерлердің дәурені біткен жоқ. Алайда, Лестер Сити жетістікке жетудің басқа да жолы барын әйгіледі. Мұның өзі – үлкен-кішіге, алыс-жақынға ой салатын, елеулі жетістік.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×