Бүгін:

КІТАП НЕЛІКТЕН ОҚЫЛМАЙДЫ

4


«Why Read?» by Mark Edmundson

Әлмисақтан бері әдебиет – мәдениетпен ауызданудың бірден-бір құралы саналған. Қарақты қауым классикалық шығармалармен шамасынша танысса, іждағатты топ зердесіне түйіп, жадына тоқуға талпынған. Күні кешеге дейін солай болған. Ал, бірақ ХХІ ықылымда қалыпты жораның, тамырлы ұғымның мейлінше өзгергенін көреміз. Бүгінде әдебиет – ақша-пұл әкелетін мамандықтың бірі ғана. Және маңдайлысы емес. Материалдық қайтарымы мардымсыз, құбатөбел көптің қатарында. Тегі күмәнді «Қаржы», шеңбері шектеулі «Заң» сияқты салалармен шендестіруге де келмейді.

Қарымы қысқарып, құты кеміген әдебиет қана ма?! Тарихы байтақ философияны да, сан қатпарлы өнерді де таңдама мамандықтардың тізімінен ұшырата алмайсыз. Неге? Ғасырлар бойы әспетті, құрметті саналған ғылым салалары неліктен көш соңында, қараусыз қалған? Себептер сан-салалы. Бірақ ең өкініштісі – әдебиетті, философияны, өнерді мамандық ретінде арнайы оқитын студенттер мен дипломды түлектердің даналыққа, даралыққа ұмтылмайтыны. Басқаша айтсақ, тарыдай болып кірген жерден таудай болып шықпайтыны. Атаулы құбылысты басқадан бұрын университет оқытушылары байқаған. Солардың бірі – «Why read?» деген кітаптың авторы Марк Эдмундсон.

Вирджиния университетінде ағылшын тілінен дәріс беретін Эдмундсон әдебиетші студенттердің кітап оқуға енжар келетінін, оқи қалғанның өзінде пәлендей өзгере қоймайтынын қинала жазады. Бұрын басқаша еді, дейді. Жастар ізденімпаз ғана емес, мейлінше шешімтал, тәуекелшіл болатын. Мақтаулы бір кітап қолдарына түссе, мәніне бойлауға, мағнасына тереңдеуге тырысатын. Татымды ойларды талқыға салып, іле-шала өмірге көшіретін. Танымдары ұлғайып, рухани шыңдалған сайын төтенше тіршілік кешуге талпынатын. Бүгінгі жастың терісі қалың. Іргелі шығармаларды түгесіп жатса да, түк болмағандай жүре береді. Түкпірлеп ойлануды, кейіпкердің тағдырына қайысуды білмейді. Қай заманда да маңызды саналған өмірлік сұрақтарға жауап іздеп қиналмайды. Баяғының кемеңгер ойшылдары «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деуші еді. Көзі ашық, көкірегі ояу бүгінгі жеткіннің бойында байып емес, бойкүйездік басым. Сократпен танысса да, Аристотельді оқыса да міз бақпайды.

Ордалы университеттің оқымысты ғалымы қазіргі заманның студенттерін шикіөкпе деп сыпаттайды. Көпшілігінің зердесі тайыз, білімі кеміс, түсінігі түйте. Жоқты түгендеу қайда, барды бағалауға дәрменсіз. Адамға хас – қуану, өкіну, сезіну, түйсіну сынды қасиеттерге кенде. Эдмундсон мұның себебін тұтынушылық қоғамның табиғатынан іздейді.

Капиталистік үдерістердің дүмпуімен кісі ұлының араны ашыла түскен, обырлығы артып, ашкөздігі ұлғайған. Атаулы мәселе кітаптың алғашқы «Total Entertainment All the Time» және «Cool School» тарауларында кеңінен сөз болады.

Жинақтап, түйіп айтсақ, теледидардың рөлі орасан екені айтылады. Дүниенің төрт бұрышында болып жатқан келеңсіз оқиғаларды көрсетіп көңілді күпті ететін де, армансыз, қамсыз өмірді насихаттап аспани бақытқа жеткізетін де теледидар. Кәкір-шүкір жаңалықтарды ертелі-кеш телміре тыңдайтын жастар таңырқаудан қалған. Аса маңызды мәселелерге назар тоқтатпайды. Себебі ой жіберіп, ұзағынан толғанса да, ұштығына жете алмайтынын біледі. Ең дұрысы – проблемаларды тақа ұмытып, толайымен тәрк ету. Сонда бас та ауырмайды, жүйке де жұқармайды. Өмір қызылды-жасылды көрінеді. Теледидарда күндіз-түні ағылатын жарнамалардың да ықпалы телегей. Эдмундсонның пайымынша, әлем-жәлем киінген модельдер сұлу болудың күмәнді жолдарын көрсетеді. Көрген адам сұқтанатын ғажайып болу үшін пәлен матаны тақ, түген лыпаны түсір деп тұрады. Жарнаманың жетегінде кеткен жастар бірте-бірте ішкі сұлулық, рухани байлық деген ұғымдарды ұмытып, сәнмен киінуге ойысады. Айналаға материалдық көзбен қарайтын мұндай студенттер әдебиетті қайтсін, философияға неге қызықсын, сықсаң сүт шықпайтын өнерге неге ұмтылсын?! «Ұмтылмайды, меңгермейді, өмірлік мұраты санамайды», – дейді Эдмундсон.

Айрықша көбейіп кеткен университеттер де тұтынушылық трендтің жемісі. Мектепті сәтімен бітірген түлек қажетті қаражаты болмаса, жоғарғы оқу орнында тұрақтай алмайды. Сұраған ақшасын ұстатпаса, ұнаған лекциясына кіре алмайды. Ең сорақысы – заманның аяқ алысын байқаған ірілі-уақ университеттер ауқатты жеткіндерді қармап алу үшін өзара бәсекеге түскен. Эдмундсон дұрыс айтады, жөргекке жеткен қызыл шақа кезден бастап, бұғана қатқан студенттік кезеңге дейін «тұтынушы» саналған, екі арада талай компанияның «кіріптарлығына» түскен бүгінгі жастар кітап оқуды да – сейіл, серуен, көңіл көтеретін әрекет деп көреді. Сол себепті жанын қинамайды, астарына үңіліп, тереңіне бойламайды.

Көп білетін Эдмундсон кенен тәжірибесіне сүйеніп, тағы да бір кілтипанның басын шығарады. Оның байқауынша, студенттерді «тағдыр өзгертетін» татымды кітаптардан суытатын және бір бөгесін бар. Ол – қисапсыз әдебиет теориялары. «Айтылмыш теориялар әдебиетті кәсіби тұрғыдан зерттеуге өлшеусіз үлес қосқан шығар, әйткенмен, әуесқой жас талаптың бетін қайтарып, кітапқа деген қызығушылығын азайтып тастады», – дейді ол. Қат-қабат теориялар ғалымдарға қажет, атаулы саланың отымен кіріп, күлімен шығатын жанкешті зерттеушілерге қажет, ал бірақ әдебиет әлеміне қадам басқан боркемік бакалаврға пайдасыз. Құрғақ теориялар жастардың әдебиетті құныға оқып, оны қилы-қиын күндерде панасын ретінде көруіне кедергі келтіреді.

Эдмундсонға сенсек, кітаптар, шын мәнісінде, рухани панасын бола алады. Бірақ барлық кітаптар емес, «consequential books» деген санаттағы дәркер дүниелер. Бұлар әу бастан оқырманның танымын ұлғайту үшін жазылған. Автор: «Қандай да шығарманың салмағын білу үшін оның шынайы өміріңізге нендей өзгеріс әкелетінін байқап көріңіз», – дейді. Егер әлдеқандай бір еңбекті оқып шыққан соң, сең қозғалғандай болса, онда жаңаруға иәки жаңғыруға бет алдыңыз деген сөз. Ал егер қызық болғанымен, терең ойға жетелемесе, қатардағы арзан, татымсыз дүние. Берерінен алары мол деп біліңіз. Мәселен, оқырманды тәтті қиялдармен тербеп, болмашы армандармен тойдыратын Стивен Кинг – ұлағаты аз, өнегесі кемшін автор. Кітаптары ермек үшін, көңіл көтеру үшін, уақыт өлтіру үшін ғана оқылады. Себебі шытырман сюжеттер шынайы өмірден алшақ, алдамшы, тиянақсыз. Автор Стивен Кингпен қатар, тағы біраз жазарманға тиіседі.

Өзінің сөзі мен пайымын бекіте түсу үшін Эдмундсон француз жазушысы Марсел Прусттың өсиетіне жығылады. Жиырмасыншы ғасырдың Бальзагы атанып, абыройға бөленген Пруст: «Кітап – оқырманның өзін жете тануына демесін болуы керек», – деген. Оның классикалық шығармалары дәп сондай абыройлы міндет арқалайды. Бұл турасында Эдмундсон: «Кімде-кім Прустты оқыса, өзінің болмысын жақыннан түсініп, талай сырға қанығады. Тұла бойында жаралмысынан болған, бірақ бүркеулі қалған қасиеттерді аршып алады», – деп тебірене жазады.

Кітаптың бір қалтарысында Эдмундсон қалыпты тіршілікке өзгеріс әкелетін құнды дүниенің интернет кеңістігінде табылмайтынын ескертеді. Құрығы ұзын Google қалаған ақпарды алдыңызға тартады, алайда өмір жолыңызға жарық шашатын даналықты тауып бере алмайды. Даналық дейсіз, интернеттегі ұшы-қиыры жоқ мағлұмат білім деген санатқа да жатпайды; бас-аяғы жоқ, мән-мағнасы кеміс мәтіндердің пайдасынан гөрі, зарары мол. Қиядан жал, қиындықтан жол тауып беру қайда, түзу соқпақтың өзін шимай-шатпақ қып, мүлдем адастырып жібереді. Сол себепті Эдмундсон: «Интернетке телміргенше кітапқа үңіліңіз», – дейді.

Замана таңбасын қапысыз таныған Вирджиния университетінің оқымысты ғалымы тығырықтан шығудың жөндем жолдарын да ұсынады. Айтуынша, студенттерді әу бастан өміршең мәселелер турасында ойлануға итермелеу керек. Олардың қоғам, махаббат, ақша жайындағы пікірлері мен сенімдерін біліп, өрелі дискурстар барысында безбенге салу керек. Айтылмыш тақырыптар төңірегінде шындап ойлана бастаған жастар бірте-бірте «қиын» кітаптарды оқуға ойысады. Себебі орнықты, тұшымды жауаптарды басқа жерден таба алмайды.

Эдмундсонның айқайы себепті, аттаны етене. Америкадағы зерделі оқымыстылардың түгелге жуығын ойландыратын түйткілді мәселе. Расында да, соңғы ширек ғасырда студенттер ғана емес, жалпы жұртшылық жеңіл кітаптарға айрықша әуес боп алды. Шарапатының шамалы екенін білсе, ертелі-кеш құныға оқиды, бұл жолда ақша-пұлын да аямайды. Мысал үшін, Нобель сыйлығының иегері, профессор Даниел Канеманның көпшілікке арнап, жайдақтатып жазылған «Thinking fast and slow» деген мейлінше пайдалы кітабы 10 000 данамен әрең-пәрең сатылса, Малкольм Глэдуэл есімді журналистің идеясы шатқаяқ, аналитикасы кеміс «Outliers» деген еңбегі бірнеше миллион тиражбен шығып, бестселлер мәртебесіне жетеді.

Ал шындап келгенде, алдыңғыны оқып, тағлымын алған адамның өресі көтеріліп, дүниетанымы өзгереді, ал кейінгіні түгескен кісінің көңілі көтерілсе де, көкірегі кеңімейді. Өйткені «Thinking fast and slow» әмбебап формула бермейді, барды қоспасыз, шынайы сыпаттайды, ал «Outliers» күрделі мәселелерді бірнеше қағидаға түсіріп, қадарынша оңайлатып жібереді (10 000 сағат еңбектенсең, кез келген салада озықтардың ішінде Бірінші боласың дегендей).

Қалай дегенмен, «таза мінсіз асыл тастың су түбінде жататыны» сияқты, өмірдің сай-саласына сәуле шашатын даналық та кітап бетінде – уақыт тезінен өтіп, бүгінге жеткен классикалық шығармаларда жатады. Оларды ежіктеп, тексеріп оқыған кез келген адамның арманы асқақ, иығы шалқақ болуға тиіс. Ал егер асқақтық пен шалқақтықтың жұқанасы да көрінбесе, онда бойлап оқымаған, ойлап тоқымаған деген сөз. Марк Эдмундсон соңғылардың саны көп, қорамы үлкен деп күмілжиді. Жаһандық тренд десе де болады.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×