Бүгін:

ИЛОН МАСК

обл


Elon Musk: Tesla, SpaceX, and the Quest for a Fantastic Future by Ashlee Vance

Стив Джобстың есімін естімеген жан кемде-кем. Сондай алыпты тудырған заман қашанда ірілікті ұлықтауға, соған жете-қабыл тұлғаны іздеуге бейім тұрады. Бұзып-жарғыш инновация (disruptive innovation) төңірегінде жазып жүрген эксперт қауым соңғы жылдары Джобстың бойындағы шетін қасиеттерді Илон Масктан байқап жүр.

Бекер емес.

2015 жылдың 21 желтоқсанында алыс-жақынды елең еткізген тарихи оқиға болды. Іргесін Илон Маск көтерген SpaceX компаниясы бәсіре зымыранын ғарышқа сәтімен жөнелтіп, орайымен қондырды. Әдетте, ғарышқа көтерілген қандай да зымыран сау қайтпайды, екінші мәрте қолдануға жарамай қалады. Марсқа турист жіберуді арман қып, бірқанша жыл бойы сол бағдарда жұмыс істеп келе жатқан Маск болымсызды болдырды. Бас-аяғы бүтін, қайыра қолданылуға жарайтын зымыран (reusable rocket) жасап, ғарышқа ұшу шығынын кәдімгідей азайтып тастады. Бұл – өткен жылдың ең айтулы оқиғасы деп бағаланды.

SpaceX қана емес, Tesla Motors және SolarCity сынды айтулы компаниялар Илон Масктің атымен қатар аталады. Интернет төлем жүйесі PayPal-дың негізін қалап, тұрғысын бекіткен де өзі. Білетіндер бірсыпыра жобаны бастап, біршама табысқа жеткен Маскті басқадан бөлектейтін ең басты айырым және Джобспен туыстыратын ең елеулі қасиет – көп жұрттың көкейіне қонбайтын, төтенше дүниені арман қып, тезінен жүзеге асыратыны дейді. Ғарышқа зымыран жөнелту, электр қуатын тұтынатын көлік шығару, күн сәулесі энергиясын жалпыға қолжетімді қылу бағдарында еңбектеніп жүрген Маск, шын мәнісінде, көлденең антрепренер емес.

Жуырда Илон Масктың өзгеше тағдырын тақырып еткен соқталы бір еңбек жарыққа шықты. Авторы – Эшли Ванс. Ешқашан ұмытылмайтын есім. Сірә, жеке өміріне қатысты ұсақ-түйек әңгімеден жалт беріп қашатын Маскті әупіріммен көндірген талапты жазарман.

Оңтүстік Африка елінің тумасы Илон Маск 17 жасында Канадаға келген екен. Ағайын жұрты мол, бірақ қолдасып, демеу болатыны жоққа жақын дейді Ванс. Сондықтан, әу бастан әр алуан жұмысқа жалданып, нәпақасын маңдай терімен тауып отырған. Сөйтіп жүріп қалаулы оқуын Онтарионың Куинс университетінде бастап, Пенсильвания университетінде жалғастырған. Көп ұзамай, атақты университеттің қабырғасында туған жоталы жобаларына жан бітіру үшін програмистердің ұйықты мекені – Кремний аңғарынан (Silicon Valley) бір-ақ шыққан.

Эшли Ванстың айтуынша, мал-мүлік, қисапсыз дәулет Маскті алға жетелеген фактордың алды емес. Енді не? Идея! Бірақ жай, қарапайым идея емес. Өмірлік ұстаныммен біте қайнасып, жеке таныммен мейлінше тұздықталған идея. Таратып айтсақ, Маск бизнес пен инжиниринг салаларында қалыптасып, тамыр жіберген ұғымдарды қатаң сынға алып, өзіндік байыбының дұрыстығын дүйім жұртқа дәлелдегісі келеді.

Масктің 1990 жылдар мұғдарында туған стартаптары компьютердің қуаты мен интернеттің қарымына негізделген-тін. Атаққа шыққаны – Zip2 (Compaq компаниясына $22 миллионға сатылған) және X.com (кейінірек PayPal-мен қосылып, Ebay-ға сатылғанда, $180 миллион пайда әкелген). Маск атаулы алыс-берістен түскен қомақты қаржыны зымыран өндірісіне құйған. Мақсат – ғарыш сапарының шығынын барынша азайтып, жағдайлы кісілерді Марсқа тасымалдау.

Алысқа қарап, биікке ұмтылған жанның жан тыныштығына асықпайтыны анық. Аптасына 100 сағат жұмыс істеп машықтанған Маск қарауындағы қызметкерлерден де жанкешті еңбек, табандылық күтеді. Кісі танитын қасиетінің арқасында білікті мамандарды ұйыстырып қана қоймай, оларды тиісінше ынталандыру жағын да жадағай тастамайды. Анығы, жобаның салы суға кетіп, ұжымның берекесі қашқандай көрінген сын сағатта еңсесін тік ұстап, әуелгі бағдарынан айнымауға тырысады.

Эшли Ванс Масктің өміріндегі алмағайып уақыттарды егжейлі сыпаттап, оларды еркін еңсеріп үйренген тұлғаның жүйкесі құрыш, мұраты биік деп тоқтайды. Алар межесін артығымен белгілеген майталман антрепренердің талайлы тағдырымен жан-жақты танысу үшін атаулы еңбекті жіті оқып шыққан абзал.

Біздіңше, Илон Маск туралы әңгіме қозғалғанда келелі 3 мәселені атап өту керек. Оларға төменде арнайы тоқталамыз.

1 Маск «бастапқы принциптер» әдісін жиі қолданады

Әдетте, кез келген жұмбақ, түсініксіз дүниені белгілі нәрсемен салғастырып, аналогия жүргізіп барып ұғынамыз. Үндес сарын, ұқсас сыпат іздейміз. Таныс, аралас кісілердің сорабын барлап, анағұрлым ұтырлы соқпаққа түсуге тырысамыз. Немесе қолдағы бар затты өзара шендестіріп болмысы бөлек механизм жаратамыз. Расында, аналогия әдісі жақсылықты көп дүниенің пайда болуына себепші болды. Баспа мәшинесі, ұшақ және үстел компьютері – бәрі-бәрі атаулы әдістің жемісі. Атақты Томас Эдисон инноватор қауымын «логикаға мықты, аналогияға жүйрік байқампаздар» деп бағалаған екен.

Бәрі де жөн.

Алайда, жаңа заман инноваторлары Аристотельдің «бастапқы принциптер» тәсіліне көп жүгінуде. Оны Илон Маск та бизнес тарабында сәтімен қолданып жүр. «Бастапқы принциптер» әдісі – кез келген жобаны түбірлі табанына түсіріп, түпкі болмысын бүге-шігесіне дейін зерттеу деген сөз. Басқаша айтқанда, нысанадағы күрделі, сан-салалы дүниені тұтас жалаңаштап, қаңқасымен танысу. Философия тәрізді қат-қабат ғылымды 2300 жыл бұрын осындай әдіспен зерделеуге тырысқан Аристотель «түгел сөздің түбі бір» деп білген.

Зымыран индустриясында дүмпу тудырған SpaceX компаниясының кіріспе кезеңінде аталмыш әдіс шешуші рөл атқарған. Мақсат – кәдуілгі ғарышқа ұшатын зымыран шығару емес, бәсекелестерге қарағанда мейлінше арзан әрі сапалы етіп жасау. Әуелде, Маск зымыранды әр қилы бөлшектерге шылпара ыдыратады да, жекелей танысып, жан-жақты ақпар жинайды. Әрбір бөлігін шығаруға кететін шикізат мөлшерін, жалпы шығынды есептейді. Нәтижесінде, SpaceX зымырандарын елу есе арзан бағаға өндіру мүмкіндігіне ие болады.

Осы әдісті өзі ашқан мектепте де қолданады. Масктің мектебінде өз балаларын қоса есептесек, небәрі 14 оқушы бар. Ғарышқа құмар әке оны “Ad Astra” (Жұлдыздарға қарай) деп атаған. Атаулы мектеп дәстүрлі бағалау жүйесінен тысқары. Басымдық критикалық ойлау жүйесін қалыптауға беріледі. Мақсат – проблеманың болмысын тану. Құралдар – екінші кезекте. Мысалы, балаларға қозғалтқыштың (engine) қызметін түсіндіру үшін кілт немесе бұрауыш тәрізді құрал-саймандарды алға тарту шарт емес. Әуелі, қозғалтқыштың өзін көрсетіп, артынша оны бөлшектеудің жолдарын сұраған абзал. Дәл осы сәтте құрал-сайманның қажет екені анық көрінеді. Балалар да талассыз қабылдайды.

Расында, Маск қана емес, жаңа заман кәсіпкерлері өткеннің данагөй тұлғаларының кемел ойлары мен соқталы еңбектеріне көбірек үңілетін боп жүр. Стив Джобс: «Мен бүкіл технологияларымды Сократпен кездесуге айырбастар едім», – деген екен. Роберт Грин сияқты қабырғалы ғалымның қасында жүріп тәлім алған, кейінде өзіндік жолын сызып, бизнес консультант ретінде атаққа шыққан Райан Холидей өміріндегі ең бұрылысты кезең деп, Епиктет атты философпен танысқан уақытын айтады. Миләди 55-135 жылдары жасаған Эпиктеттің еңбектеріне жөн сілтеген Доктор Дрю Прински екен. Райан Холидей Хаффингтон Постта «How Dr. Drew Pinsky changed my life?» (Доктор Дрю Прински менің өмірімді қалай өзгертті?) деген мақала басып, атаулы оқиғаның маңызын мағлұм етеді.

Өткен ғасырда менеджмент саласында жаңалық ашып, бизнес қауымдастықта үлкен құрметке жеткен Питер Друкер атақты классиктерді жапыра оқып, баяғының салты мен дәстүрінде жатқан даналықты өз заманына орайымен көшіруге тырысқан. Мәселен, Джейн Остиннің кітаптарында бажайлап сыпатталған қалыңдық, күйеу таңдау жорасына сілтеме жасай отырып, бизнес ортада дұрыс, дегдар партнер табудың әдіс-тәсілін әйгілепті. Оның менеджмент тарабында елу жыл бойы дес бермеуі – өміршең принциптерді баяғының сөзінен тауып, жаңғыртып, жаңартып, өз дәуірінің рухына сай етіп бере алғандығында.

Кремний аңғарының (Silicon Valley) салмақты кәсіпкерлері де құнды ойларға, оқымысты жандарға айрықша құрмет көрсетіп жүр. Салымды инвестор Питер Тил көзі тірі ақылман адамдардың басын қосып, тұрақты түрде конференция ұйымдастыруы – соның айғағы. Технология саласындағы айшықты карьерасын уақытша тоқтатып, философия ғылымы бойынша PhD дәрежесін алған Деймон Хоровиц Google компаниясында екі түрлі қызмет атқарады: инжиниринг директоры және ішкі философ. LinkedIn-нің негізін қалаушылардың бірі – Рейд Хоффман да Оксфорд университетінде философия саласында докторантура оқып жүрген кезінде бизнеске кеткен екен.

Бір сөзбен қайырсақ, жаңа дәуірдің жалынды кәсіпкерлері «бастапқы принциптер» қағидасының салмағы мен берерін шындап ұққан. Әр нәрсенің тамырын, шыққан тегін тану үлкен ұтысқа шығаратын болса, әуелі өткеннің ойшылдары мен халық даналығын жыға танымақ керек.

2 Маск екі саланы жете меңгеріп, сәтімен тоғыстыра білген

Илон Масктің келіншегі Джастин Маск – өзіндік блогын жүргізетін айтулы консультант. Бірде ол «мен миллиардер болу үшін табандылық танытып, барымды салсам, мақсатыма жетемін бе?» деген әлдебіреудің сұрағына аса тағылымды жауап жазады. Айтуынша, қазіргі заманда жетістікке жету үшін қажыр-қайрат, күш-жігер жұмсау жетпейді. Бір саланың маманы атану үлкен абырой, биік жетістік емес. Бизнесте алға озғындап шығатын жандар – екі саланы жете меңгерген адамдар. Джастин айтады, инжинирингтің жілігін шағып, майын ішкен кісі, сонымен қатар, бизнестің қағидаларын қапысыз таныса, «басқа шауып, төске өрлейді» деп. (Күйеуінің жетістігінің астарында жатқан негізгі кілтипан да осы). Ғылымның екі саласын мейлінше терең игерген жан екеуін сәтімен қабыстырса, ешкімнің ойына келмеген неше түрлі жоба тоқиды. Басқаша айтсақ, ағылшын тіліне жетіккен жасөспірім компьютер ғылымын (computer science) да меңгерсе, аса ұтымды программа жасап, елдің ықыласына бөленіп қана қоймай, байлыққа бөгіп, дәулетке де жетеді.

3.Маск қаршадай кезінен кітапқа құмар еді

Фантазиясы бай Илон Маск кітап оқуға үлкен мән береді. Кішкентайынан ертегі, роман оқып өскен бизнесмен кітаптың таусылғанда сүйесін, шаршағанда панасын екенін жиі айтады. Zip2, PayPal, Tesla Motors және SpaceX компанияларының негізін салған Илон Маск «зымыран жасауды қайдан үйрендің?» деген сұраққа әрдайым «кітап оқу арқылы» деп жауап қайтарады. Төменде Маскқа айрықша ұнаған тоғыз кітаптың тізімін беріп отырмыз.

1.Lord of the rings by J.R.R. Tolkien
2. The Hitchhiker’s Guide to the Galaxy by Douglas Adams
3.»Benjamin Franklin: An American Life» by Walter Isaacson
4.»Einstein: His Life and Universe» by Walter Isaacson
5. «Structures: Or Why Things Don’t Fall Down» by J.E. Gordon
6. «Ignition!: An informal history of liquid rocket propellants» by John D. Clark
7. «Superintelligence: Paths, Dangers, Strategies» by Nick Bostrom
8. «Zero to One: Notes on Startups, or How to Build the Future» by Peter Thiel
9. Howard Hughes: His Life and Madness» by Donald L. Barlett and James B. Steele

Маск – қазіргі заманның алпауыт тұлғасы. Оның жетістік сырын әйгілейтін кітаптар мен ғылыми зерттеулер әлі де көптеп шығады. Алайда, әу бастан «бастапқы принциптер» қағидасын ұстануы, екі саланы – инжиниринг пен бизнесті еркін игеруі, сонымен қатар, жас кезінен кітап оқуы – оны көп кәсіпкерден бөлектейтін айтулы, шешуші қасиеттер, басқаның бәрі – тіркеме, қосалқы, үстеме сыпат.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×