Бүгін:

Желаяқ жазушы ХАРУКИ МУРАКАМИ

2


What I Talk About When I Talk About Running by Haruki Murakami

Журналдың өткен(№1 2016ж) санында Илон Маск туралы сөз көтеріп, «қазіргі заманның алпауыт тұлғасы» деп бағалаған едік. Стив Джобспен шендес сондай жанды мақтай, мадақтай келе, осы санымызда қара сөздің қарсылығын жеңген құбақан қаламгерді сөз етуіміз ерсі көрінуі мүмкін. Алайда, «Жаһан» журналы кәсіпкерлікті ғана дәріптемейді, кісілік даму мен кәсіби өсуге де айрықша мән береді.

Харуки мырза – атағы алысқа жеткен қарымды жазушы ғана емес, әлемнің әр тарабында өтетін қырық шақырымдық марафондарға қатысып жүрген айтулы желаяқ. Интеллектуалдық еңбекпен шұғылданатын қауымның ішінде деннің саулығына мұншама маңыз беретін жандар әредік кездеседі. Сондықтан, журналдың екінші санындағы бір мақаланы жапон текті қаламгер – Харуки Муракамиге арнауды жөн көрдік.

Муракамидің атаққа шыққан шығармалары көл-көсір. Шындап келгенде, әлем жұртшылығына әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған Кэндзабуро Оэден гөрі, Франц Кафка сыйлығын қанағат қылған Харуки Мураками есімі етене. Мураками – көркем шығарманың парқын білетін қарақты оқырманға, кітапты қызық үшін оқитын қарапайым жұртқа бірдей жаққан сөз зергері.

Әділін айту керек, бұл – нарық қысқан қазіргі заманда сирек кездесетін жағдай! Мураками жазушылыққа кеш келді.
Орда бұзар жасқа жеткенше жеке шаруасын дөңгелетіп, жұрт қатарлы ғұмыр кешеді. Қаламгерлік жөнінде алғаш рет 1978 жылы Жингу стадионында бейзбол ойынын тамашалап отырғанда ойланған екен. Содан ұзақ ырғатылмай, жұмыс арасында уақыт тауып, екі роман жазады. Сатылымға түскен кітаптар атақ-абыроймен бірге, жан бағатын, аз-маз ақша әкеледі. Жарым күшін жұмсап, тәп-тәуір дүние жасағанын түсінген Мураками бәсіре бизнесін тақа тоқтатып, толайымен жазушылыққа ойысады.

Жалғас жылдарда «A wild Sheep Chase» (1982), «Hard boiled Wonderland and the End of the World» (1985), «Norwegian Wood» (1987) сияқты тырнақалды дүниелерді жарыққа шығарады. Әсіресе, соңғы еңбек оқырмандардың көңіл ауқымынан табылады. 1991 жылы Мураками АҚШ-тың Нью Жерси штатына жер аударып, Принстон университетінде зерттеуші боп тіркеледі. Арада бірнеше ай өткенде Associate Professor дәрежесіне ілініп, 1993 жылдан бастап Уиллиам Ховард Тафт университетінде дәріс оқуға кіріседі. Айтылмыш кезеңде «South of the Border, West of the Sun» (1992) «The Wind-up Chronicle» (1995) «Sputnik Sweetheart» (1999) сынды романдар жазып, қаламгерлік шеберлігін ұштай береді.

Муракамидің 2002 жылы баспа көрген атақты шығармасы – «Kafka on the Shore» арада үш жыл өткенде ағылшын тілінде жарияға шығып, үлкен дүмпу тудырады. Оң пікірлермен қатар, мінеу, шенеу сөздер де көп айтылады. Дей тұра, 2009-2010 жылдары жазылған, әлемнің лингва франкасына қотарылған «1Q84» кітабы дабыралы сенсация жасап, автордың атын мұқым әлемге танытады.

Біздер Муракамидің жазу мәнеріне, баяндау тәсіліне, жалпы өнернамасына тоқталмаймыз. Бұл – басқа бір мақалаға жүк болатын көлемді тақырып. Есесіне, жазушының өнімді еңбек етуіне себесін, шығармашылығына демесін болған жайттарды сөз етеміз. Ой еңбегімен шұғылданатын оқырмандарымыз атақты қаламгердің осы бір қырын жақыннан таныса дейміз.

Қайтсе жазушы болады ?!

Өз елінің ғана емес, шет жұрттың да сүйікті жазушысына айналған Мураками қалам тартуға ниет қойған жас талап 3 нәрсені ескерсе, дейді.

1-Дарын

Муракамидің пайымында, жақсы жазушы болу үшін әуелі дарын керек. Жазу қабілеті, әдеби дарыны жоқ адам қаншалық талаптанса да, мұратына жете алмайды.

2-Фокус

Алайда, дарын – жазушылыққа жетелейтін алғашқы серпін, әуелгі тетік қана. Оның айтуынша, талапкердің көбі бойдағы дарынның салмағы мен сапасын дұрыс меңгере алмайды. Аз екен деп, бей-берекет арттыруға тырысады, көп екен деп шақтап, сыздықтап жұмсайды. Екеуі де жарамсыз, жадағай тәсіл. Дарын – айтқанға көнбейтін, өзіндік қисынымен жүретін, бағымсыз нәрсе. Бірде кенересінен асып төгілсе, бірде толайымен сарқылып қалады. Сондықтан Муракамидің пікірінші, жақсы жазушы болып қалыптасу үшін – фокус керек. Бұл деген – бойдағы шектеулі дарынды пышыратпай, ең маңызды нәрсеге арнау деген сөз. Егер де дарыны аз адам назарын бір нәрсеге аударып, бойдағы мүмкіндіктерді бір бағытқа бейімдесе, онда дарыны зор адамдарды басып озуы мүмкін. Мураками жазуға отырғанда бар дүниені ұмытамын, ешнәрсені көрмеймін, ешнәрсені ойланбаймын, бар болмысыммен бір бағытқа бұрыламын, дейді.

3-Шыдамдылық

Егер күніге 3-4 сағат жазып жүріп, бір аптадан кейін жалығып кетсеңіз, ойдағы роман межелі уағында бітпейді. Үлкен іске кіріскен адам сабыр сақтай отырып, қуат-күшін шақтап жұмсауды үйренуі керек. Шаршау дегенді білмейтін, жүйкесі құрыш адам ғана уақыт өте келе қарымды жазушыға айналмақ, дейді ол. Муракамидің айтуынша, жақсы жазушы атану үшін «бақ» емес, «бап», «шабыт» емес, «еңбек» керек.

Мураками атаулы екі қасиетті – фокус (focus) пен шыдамдылықты (endurance) жүгірудің арқасында меңгергенін жасырмайды.

Жүгіру – өнімді еңбек етудің бірден – бір кілті

Жазу – отырықшының ісі екені белгілі. Молынан жазуға, өмір бойы жазуға бекінген Мураками күн құрғатпай жүгіреді. Айтуынша, жақсы жазу үшін шеберлік қаншалық қажет болса, сергектік соншалық керек.

Мураками үшін жазу мен жүгіру – бірін-бірі толықтыратын біртұтас әрекет. Әлдебір романға кіріскен кезде таңертең 4:00-де оянып, 5-6 сағат бойы тоқтаусыз жазады. Күндіз 10 км жүгіреді немесе 1500 м жүзеді (кейде екеуін бірдей істейді). Содан кейін азды-көпті кітап оқиды, музыка тыңдайды. Қараңғы түссе де, түспесе де, кешкі 9:00-де жатып қалады. Атаулы режимнен бір сәт те ауытқымайды, бұлжытпай орындайды. Қайталаудың өзін өте маңызды қоспа, гипноздың бір түрі деп біледі. Мидың терең қыртысына сүңгіп, бар қалтарысына бойлау үшін өзін осылайша гипноздап қояды.
Жүгіру – Муракамидің көп жылдар бойы өндіріп жазуына мүмкіндік берген спорт түрі. «What I talk about when I talk about running» атты кітабында атаулы мәселені бажайлап түсіндіреді.

Кітап 2005 жылдың тамызында Гавай аралында басталып, келесі жылдың күзінде жазылып біткен екен. Автордың айтуынша, жүгіруге қатысты түйінді ойларын қағазға түсіруді біршама бұрын ойластырған. Бірақ сәті түспеген, орайы келмеген. Жазуға кіріскенде жасы елудің жуан ішіне енген. Сонда да қауметі зор, салауаты мол. Егде тартқан жазушымыз 1 сағаттан аптасына 6 күн жүгіреді.

Кітаптың басында соңғы кездері жылдамдықтан гөрі, қашықтыққа көбірек мән беретінін ескертеді. Асықпай, аптықпай, бір қалыппен жүгіреді. Қуаты сарқылмаса да, кесімді уақыттан асырмайды, бірден тоқтайды. Айызын қандырмай, орта жолдан әдейі бітіреді. Бұл – машықты жұмыстан жалықпай, ертең қайыра оралып, құшырлана кірісу үшін керек. Жазуда да сүйтеді. Үстел басында ұзағынан, бей-берекет отырмайды. Бұрқыратып жазуға мүмкіндігі бола тұра, жоспарлы мөлшерден асырмай, тезінен тәмамдайды. Өстіп бойдағы күшін шақтап жұмсайды да, шаршамай, шалдықпай, айды жылға ұластырып жаза береді. Мұны ұзақ – мерзімді жобаларды сәтімен атқарып шығуға қажетті бірден-бір әдіс деп біледі.

Бір сағатта орташа есеппен 10 км жүгіреді, бір аптада 60 км. Дамыл алмай күнде жүгіруге де бар. Әйтсе де, жауынды күндерді және басқадай бөгесіндерді ескеруі қажет. Оның үстіне, талығатын, жалығатын, жүгіруге тіптен зауқы соқпайтын көңілсіз күндер де болады. Жинақтап келгенде, аптасына бір тәулікті толайымен демалысқа арнайды.

2005 жылдың маусым айында аз-кем емес, тура 251км жүгірген екен. Шілдеде демалысты ұмытып, аталмыш көрсеткішті 300км жеткізген. Бұл – бабына келіп тұрғанда орындайтын мақтаулы межесі. Әманда бұлай болмаған. Айтуынша, жүгіруді азайтып жіберген жылдары да болған. Бір жақтан қауырт жұмыс мінбелеген, екінші жақтан марафонға деген қызығушылығы ортайып, аңсары тұтасымен триатлонға ауған. Триатлон – күрделі спорт. Аяқ-қолды сермеп қойып жүгіру, жүзу жетпейді, велосипедте отырып, орғи жүйтку керек. Десе де, марафоннан кетіп, триатлонға баруына түрткі болған негізгі себеп – жалығуы екен.

Мураками жүгірумен сонау 1982 жылдан бері айналысып келеді. Әу бастан қаза жібермеуге, күнде жүгіруге тырысқан. Жыл сайын бір марафонға қатысып, ұзын санын 23-ке жеткізген. Ұзақ-қашықтыққа жүгіру табиғатына жақын, болмысымен үйлес екенін айтады. Осы жасына дейін қалыптасқан көп әдеттің ішінде жүгіру – ең мәндісі екен. Жиырма жыл бойы тоқтаусыз жүгірген Мураками физикасының мейлінше күшейгенін, рухының айрықша шыңдалғанын мақтана жазады.

Кітабының бір қалтарысында күнде жүгіретін жанкешті жандарға қабақтың астымен, жирене қарайтын көлденең кісілердің кезігетінін айтады. Ондайлар адам баласы бір-ақ мақсатпен жүгіруі мүмкін деп ойлайды. Денсаулығын жақсартып, өмірін ұзарту үшін. Көшедегі көп жүйрік осы, жалғыз арманның жетегінде жүргендей. Мұндай пікірді Мураками орынсыз деп біледі. Оның пайымында, жүгіргіш қауым көбіне-көп күнім, тұтас өмірім мәнді өтсін деп жүгіреді. Ал, ғұмырды ұзартудың бір-ақ жолы бар. Ол – әрбір жылды айқын мақсат, нақты жоспармен өткізу. «Әрбір сәтін мағыналы өткізуге жараған адам ғана ұзақ жасайды» – дейді ол. Тұманды далаңда бос қарманып, құр сандалғанша, барар жерді бағдарлап, қолдағы барды бағалау әрі ұтымды әрі мейлінше қисынды. Егер түпкі мақсат – кісі ұлының өз мүмкіндіктерін жете танып, кәдеге жаратуы, сөйтіп қамшының сабындай ғана өмірін мәнді өткізуі болса, онда жүгіру – өмір өзенінің ағысын тежеуге себі тиетін, қым-қуыт проблемаларды салқын ақылмен салмақтап алуға мүмкіндік беретін бірден-бір тетік.

Мураками жалғыздықты айрықша сүйетінін айтады. Жападан-жалғыз жүгіру, бес-алты сағат бойы тапжылмай жазу – жанды жегідей жейтін азапты шақ емес, тынысты кеңейтетін көңілді кез. Айтуынша, бала кезінде кітап оқуды, ән тыңдауды басқа толып жатқан қызықтан артық көретін. Топырдан гөрі, тыныштықты, бірге жүргеннен, жалқы тұрғанды ұнататын. Сөз жоқ, Муракамидің оқшау, дара тіршілігі шығармашылық адамдарына тән ортақ, дәріпті сыпат. Немістің ойшыл-ақыны Гөте ғаламат ойлар тек жалғыздықта келетінін жазған. Гюго таң азаннан қараңғы кешке дейін ғажайып бір жанмен мәжілістес болатынын, ол басқа емес, өзі екенін масаттана жеткізген. Шопенгауэр жалғыздықты сүймейтін кісі бостандықты сүймейді, сірә, бостандық жалғыздықта деген. Өзінің мінез-құлқын жыға танитын жазушы оны басқалар ұната қояды деп ойламайды. Оның пікірінше, қаймана жұрт Муракамидің тіршілік кебіне, бітіс-болмысына таңдана, мейірлене қараса да, оншама құптамайды, тіпті суқаны сүймейді. Әрине, айтқанынан қайтпайтын қатқыл, уәжге қонақ бермейтін тарпаң, көпе – көрнеу проблемадан қашатын жасық кімге тұлға?! Жалпы, кәсіби жазушының жұртқа жағуы қиын!», – дейді Автор. Өзі талай роман жазғандықтан, әлдебіреудің оның жеке басын құлай сүюі мүмкін екендігіне сенбейді. Жек көруі – анағұрлым табиғи, нанымды.

Әсілі, ол көлденең жұрттың сөзін қаперге алмауды ертеден үйренген. Әманда өз жолымен жүріп, өз білігімен тірлік жасап келген. «Айналамдағы кісілер әлдебір кінәратымды бетіме басып, жөн сілтеген болса да, міз бақпаймын» – дейді. Кім не десе де, ол жүгіруді тоқтатпақ емес. Елесті арманға жетелейтін тыныштық тек жүгіргенде ғана пайда болады. Оның осы бір қасиетін Мураками айрықша бағалайды. Біреулер «жүгіру кезінде нендей ойға шомасыз?» деп сұрайды екен. Автор айтады, әдетте мұндай сұрақты қоятындар аталмыш спорт түрінен мүлде бейхабар, бейтарап жандар, деп. Себебі, «ойға пәлен келеді, түген түседі» деп тап басып айту мүмкін емес. Ойлар жөңкіліп жатқан бұлтқа ұқсайды. Қаншамасы келіп кетсе де, аспан өзгермейді, бәз- баяғы қалпында тұра береді.

Мураками үшін жүгіру – әрі жаттығу, әрі метафора. Себебі құр жүгіріп, ақ тер, көк тер болмайды. Әу баста әлдебір межені белгілейді де, уақыт өткен сайын арттыра береді. Нысаналы биігін еңсерген сайын денесі үйреніп, сенімі күшеймек. Жер-жерде өтетін талай марафонға қатысып, сәтімен аяқтап жүрсе де, өзін кәнігі жүйріктер қатарына қоспайды. Басқамен емес, қашанда өзімен жарысуды мақұл көреді. Өзінің шама-шарқын байқастап, өскенін я да кері кеткенін осылайша танып отырады.

Үйреншікті, машықты әрекет болғанымен, жүгіру де титыққа жетеді, діңкені құртады. Ұзағынан жүгіруге бел байлаған адамның тәні ғана емес, жолай жаны да шырқырайды. Мураками айтады, қиналыс – жүгіру сияқты спортқа тән, қалыпты хал, деп. Егер қиындығы болмаса, марафон, триатлон сынды спорт түрлерінің қызығы да қалмас еді. Адам өлшеусіз қиналғанда, сол бір ыңғайсыз күйді жеңуге талап қылғанда ғана өзін тірі, еңселі сезінеді.

Қазақ «жақсының жақсылығын айт…» деген. Шығармашылықпен айналысатын қауым өнімді еңбек етуді Муракамиден үйренсе дейміз. Бұл – жетістікке жету үшін қажетті шара емес, бақытты ғұмыр кешу үшін керек, игілігі мол әдет. Шопенгаур адамның бақытының оннан тоғыз бөлігі денсаулығына байланысты деген. Көлденең кеселге ұшырамай, қашанда бір бағытта тоқтаусыз қимылдау үшін шеберлікпен бірге, сергектік қажет.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×