Бүгін:

ЖАСАУШЫ мен МЕНЕДЖЕРДІҢ КЕСТЕСІ бөлек болады

2

Пол Грэм – Кремний аңғарындағы белгілі антрепренер ғана емес, талапты жастардың жолын ашатын Y Combinator акселераторының егесі. Атаулы жоба аясында жөргектегі стартаптар қалталы инвесторлармен табысып, тұлғалана түсуге мүмкіндік алады. Ақшалай көмек қана емес, ішінара алымды кеңестер де айтылып, тұрақты консультация жасалады.

Тиімді жұмыс істеудің әдіс-тәсілін меңгеріп жүрген Грэмның байқауынша, қызметкерлер екі түрлі жұмыс кестесімен жүріп-тұрады. Біріншісі менеджердікі (manager’s schedule), екіншісі жасаушының кестесі (maker’s schedule). Бөлек-бөтен ғана емес, бітіспес, қайшы. Грэм: «Осы ақиқатты мойындап, бетін түзеген компаниялар ұтысқа шығады», – дейді.

Менеджердің кестесін әр түрлі деңгейдегі өкімді қызметкерлер қолданады. Аталмыш кестеде жұмыс күні кесімді уақыт интервалдарына бөлініп, қай істің қанша минутта, қанша сағатта іске асатыны ежіктеп жазылады. Сәйкесінше, көріс пен қабыл мезгілі туралы бажайлы мағлұмат болады. Үлкенді-кішілі өзгерістер болса, орайымен таңбаға түсіп отырады. Маңызына қарай кейсі алға жылжып, кейсі кейінге сырғиды. Толайымен түсіп қалатын кездесулер де болады. Әуелде белгілі бір тәртіпке түссе де, істің ыңғайына қарап бейімделе салатын майысқақ кесте.

Ал, жасаушының кестесін креативті адамдар пайдаланады. Себебі олар жұмыс уақытын минутқа, сағатқа бөліп жатпайды. Егер әлдебір тірлікке жегілсе, күннің жарымын иәки түгелге жуығын арнайды. Бұл санатқа кіретін программистер, жазушылар күндерін осылай жоспарлайды. Ой еңбегімен айналысатын креативті қызметкерлер көлденең біреудің орта жолдан киліккенін жаратпайды. Себебі мидың терең қатпарында қалыптана бастаған компьютерлік бағдарламаның я да шығарма арқауының шылпара болатынын біледі. Жасаушының жұмыс кестесінің сағатпен өлшенбейтіні содан. Төгетін тері де, шегетін азабы да мүлде бөлек.

Жасаушының кестесімен жүретін қарақты қауым үшін қандай да жиналыс – азапты өткелек есепті. Себебі кішігірім мәжіліс тұтас бір күнді жойып жіберуі мүмкін. Сондай бір шараның пәлен уақытта болатынын біліп жүрудің өзі ықыласты азайтып, фокусты кемітеді. Олар үшін жиналыс деген – бір істі бітіріп, екінші іске көшу емес, жұмыстың бір түрінен екінші түріне ауысу деген сөз. Есеңгіретіп тастайтыны содан.

Менеджердің кестесі мен жасаушының кестесін бірдей бағалайтын Грэм өзінің Y Combinator акселераторында екеуін ұшқастыруға жараған. Жасаушының кестесі салтанат құрған компанияда менеджердің кестесі деген жоқ, елес-нұсқасы ғана бар. Намы да басқаша. Кеңсе сағаттары (office hours) деп аталады. Ой еңбегіне қалтқысыз берілген қызметкерлер жұмыс күні аяқталатын уақытта жиналып, клиенттерімен – стартап қожайындарымен жолығады. Бірқанша сағатқа созылатын атаулы кездесулер ешкімнің өнімді уақытын ұрламайды. Жиналған жұрт пікір алысып, шер тарқатысып, үйлеріне көңілді, мерейлі қайтады. Ең бастысы – ертең жұмысқа келгенде зораң жиналыс та, қисапсыз көріс те жоқ. Таң азаннан қара кешке дейін шығармашылықпен ғана айналысады.

Грэмнің айтуынша, тізгінде отырған басшылардың көбі менеджердің кестесін қолданатындықтан, қызметкерлерге сол тұрғыдан қарайды. Креативті жобаға жауапкер програмист ел қатарлы жиналысқа қатысып, жұрт қатарлы жатып-тұруға тиіс. Қия басса, жұмыстан кетеді. Грэм: «Мұндай компания инновацияға қас», – дейді.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×