Бүгін:

Ертегінің болымсызды болдыратын күші

12

Жаңа Зеландия – толқынды мұхит ортасындағы оқшау арал(дар), құлақ естісе де, көз көрмеген қияндағы ел. Ұшақпен қалтырап ұшып барасың, кемемен қалқылдап жүзіп барасың. Төменде шиыршық атқан толқын, үйіріле ұйытқыған құйын. Жүрек кілкілдеп, көңіл бұзылады. Жету қиын, жерсіну тіпті ауыр. Қазаққа ғана емес, басқа жұртқа да солай. Шырышы бұзылмаған бұла табиғат бауырға тартып, барымен қызықтырса да, турист қауым барынша қашқақтап бағатын. Шытырманға әуес жанкешті жиһанкез болмаса, көлденең жұрт шалғайдағы аралға асықпайтын, таңдама тізімнен қақас қалдыратын.

Ал, 2001 жылы бәрі де өзгереді. Үлкен де, кіші де қашықтықты ұмытып, Жаңа Зеландияға қара нөпір боп ағылады. Түрткі болған төрт аяғын тең басқан туризм саясаты емес, қасақана жүргізілген тегеурінді науқан да емес, алақандай аралда түсіріліп, төрткүл дүниеге тараған фантастикалық фильм. Әрине, көп жұрттың назарын тоқтатып, дегбірін тауысқан Сақиналар Әміршісі (Lord of the Rings) – қатардағы қарапайым жоба деуге келмейді, болмысы бөлек, мазмұны қорабалы, ғаламат туынды. Анығы – жоба авторлары елдің имиджін жақсартуды, жергілікті туризмді дамытуды мұрат етпеген. Қағазға түскен, бояуы қанық шығарманы шынайы қалпында жұртшылыққа жеткізетін оңтайлы орта – жерұйық іздеген. Іздеп жүріп, шалғайдағы жап-жасыл аралдан бір-ақ шыққан. Ұнатқан да, ойдағы жобаны орайымен орындап шыққан. Әйтсе де, ілгеріде атаулы фильм – қырық ру қауымның Жаңа Зеландияға жекелей де, тобымен де сапар шегуіне желеулі себеп болады. Алыс-жақын демей, үлкен-кіші демей, түсі бөлек, тілі бөтен сан-сапалақ туристер жан-жақтан тасқын боп төгіледі.

Соңғы жылдары ертегі сатылымы жоғары жанрлардың біріне айналды. Жұрт жапырып оқиды, жалықпай күтеді. Аузынан емшек табы кетпеген балалар ғана емес, ақылы толысқан ересектер де. Себебі түсінікті. Жоқты бар, алысты жақын ететін, ойды ұзартып, көңілді кеңейтетін ертегі екен. Ескілікті оқиғаны тірілтіп, болажақ құбылыстың сұлбасын сызатын да ертегі екен. Елесті арман тудырып, сарқылмас қуат беретін де ертегі екен. Итырғылжың тірліктен ажыратып, аулаққа апаратын да ертегі екен. Төтесінен қайырсақ, ертегі – бар игіліктің басы екен.

Ал, үлкен-кішінің талғамы бір арнада тоғысып жатса, татымды дейтін бірқанша шығарманың арқасында. Соның бірі – жүлге-жүлгесімен жарық көрген «Гарри Поттер». Джоан Роллингтің көптомдық еңбегі – алысты да, жақынды да дүрбелеңге толтырған, жасты да, жасамысты да ұйқыдан айырған ерекше дүние. Мәселен, кітаптың түйінді тарауы (Harry Potter: Deathly Hallows) жарияға шыққан алғашқы тәулікте Британияда 2.65 миллион, ал АҚШ-та 8.3 миллион данасы өтіп кеткен екен. Әлемнің 69 тіліне аударылған кітаптың барлық жүлгесі 400 миллион данамен сатылғаны туралы емескі дерек бар. Қарапайым отбасыдан шыққан Роулинг – ұшқыр ойдың арқасында миллиардер атанған Британдық алғашқы жазушы. Қалам ұшын кертіп жеген қаламгерлердің ешқайсы көзі тірісінде мұншама дәулетке жетпеген деген сөз.

Ұшқыр ой демекші, қиял-ғажайып тақырыпқа қалам сілтеп, сәтімен аяқтаған Роулинг қаршадай кезінде көп-көп ертегі оқыған екен. Таң азаннан қара кешке дейін, жата-жастана. Ойдың ұшқырлығы содан. Арманы мен мұраты көз көрім көкжиекпен шектелмеген, арыға кетіп, қыр асқан, тау асқан. Есейген кезінде елесті әлемін қағазға түсіріп, түйдек-түйдегімен жұртқа жеткізген. Сөйтіп, қысқа уақытта байлыққа бөккен, атаққа шыққан. Соңғы кітабының тұсау кесеріне екі мыңға жуық оқырман жиналғанда, ақжолтай қаламгер сиясы кеппеген еңбегінен үзінді оқыған. Әдетте, аяқ-қолы жерге тимей, зыр жүгіретін балалар бір сәтке бар дүниені ұмытқан да, мүлгіп тыңдаған екен. Көргендер айтады, шыбынның ызыңы естілетін тыныштық орнады, деп. Бұл – сөз жоқ, ертегінің құдіреті.

Айтылғандай-ақ, «Сақиналар Әміршісі» де әлемнің әр тарабында дүмпу тудырған серектер қатарында. Бір айырма – болмысы жаңа, оқиғасы шетін болғанымен, кітапсүйер қауымға көп бұрын жеткен, ескілікті шығарма. Оксфорд университетінің профессоры Толкиннің (J.J. Tolkien) қаламынан туып, дабыралы фильмге айналған туынды баспа бетін 1970 жылы көрген. Қызығы, ғұмыр бойы ағылшын тілін зерттеп жүрген Британдық ғалым атаулы шығармасын жұмыстан тыс, бейсауат уақытта жазған.

Толкин да өскін, жеткін кезінде ертелі-кеш ертегі оқыған екен. Қиялына қанат бітіріп, қиянға жетелеген неміс, француз ертегілері. Кезінде ағайынды Гриммдер жабылып жүріп, дайындап кеткен көрші халықтардың ауыз әдебиеті үлгілерімен бала Толкин түбегейлі танысқан. Әлбетте, ел аралап, архив қопарған Гриммдер мазмұны сан салалы ертегілерді ағылшын балаларының еншілі сыбағасы деп жинамаған. Бұл іске ғылым деп, таным деп кіріскен. Керек десеңіз, тапқан табыстары мен ашқан жаңалықтарын оқымысты қауымға ғана арнаған. Ал, бірақ қонысы жапсарлас жақыннан келген ескілікті мұра ілгеріде жас ұрпақтың да игілігіне айналады. Тіпті, Толкин деген ғалымның ғаламат туынды жасап, жер-жаһанға жазушы боп танылуына ұйытқы болады.

Сөз жоқ, ертегі оқудың пайдасы көл-көсір. Әсіресе, буын қатпаған, таным бекімеген жас кезде. Ертең жазушы атанып, қыруар ақша табу үшін емес, еншілі салада салуалы биікке жету үшін. Бұлай деп физикада дүркін-дүркінімен жаңалық ашқан Эйнштейн айтады. Білетіндер күндерде бір күн әлдебір келіншек оқымысты ғалымға келіп, баласына пайдалы болатын кітаптардың тізімін сұраған деседі. Атын атап, түсін түстеп берсеңіз деп өтінген. Қызығы, Эйнштейн ұзақ ырғатылмай, бірден: «Қиял-ғажайып ертегілер оқысын!», – депті. Әрине, төтенше бір жауап күткен келіншек тұшынбайды. «Ертегіден басқа не оқысын?», – деп тағы қолқалайды. Ақылман физик: «Ертегіні молырақ оқысын!», – депті. Әлгі келіншек сонда да илікпеген, манағы сұрақты үшінші қайыра сұраған. Эйнштейн: «Ертегіні одан да молырақ оқысын!», – деп біржола пысықтаған. Әрине, ертегі оқыған баланың өресі биік, түсінігі бай болады дегені. Мұндай бала ертең ғылымға бет бұрып жатса, барды бағалай отырып, жоқты түгендейді дегені. Айналаға алабөтен көзбен қарайды, әлемнің қалтарыс-бұлтағына ой жүгіртеді, түбірімен тексереді дегені.

Ғалымдардың айтуынша, ертегі жақсылыққа шақырады, жамандықтан қориды. Қай істің оң, қай істің теріс екенін ескертеді. Ақ пен қараның аражігін ажыратып, баланың бойында игі істерге деген құлшыныс жаратады. Батырлыққа, ізгілікке баулиды. Невро-физиологиялық Психология Институтының директоры Годдард Блайттың пайымынша, ертегілер тоқ етіп, тура айтпаса да, оқиғаның түйіні арқылы дұрыс пен бұрысты қапысыз ұғындырады. Себебі ертегілердің бәрінде дерлік қаржыса айқасып, ұзақ тайталасса да, түбінде, жақсы жаманды жеңіп шығады, зобалаң заман бітіп, барақат күндер басталады. Мыстан кемпірден қашып, Шойынқұлақты тұқыртқан Ер Төстік, ақыр соңында, сүйікті жары Кенжекеймен табыспай ма?! Шын өмірде бәрі басқаша аяқталып жатса да, бекзат бол, кәззап болма, асыл бол, жасық болма деген тағылым, темірді ерітер көмір бар деген емеурін ерте бастан сіңірілгені жөн. Қаршадай кезінен мейірімді, ірі болуды үйренген бала ер жеткенде игі істердің басы-қасында болатыны даусыз.

Сонымен қатар, ертегілер критикалық ойлануға үйретеді. Оқиға желісімен біраз жерді шарлап қайтқан бала ойда-жоқта кейіпкердің маңызды бір таңдау алдында тұрғанын көреді. Оң боп шықса, ісі оңғарылады, теріс болса, берекесі кетеді. Адамның «жаманы» боп ханның дәргейіне келтірілген, тапқырлығының арқасында құрметке жеткен Аяз би – сондай ұлағатты кейіпкер. Қия беттен тайғақсыз жол тауып ханның өзін таңырқатқан Жаман алтын тақтан да бас тартады. Сән-салтанаттан қарапайым тірлікті артық көретінін әйгілейді. Сүйікті кейіпкері мықты уәж тауып, парықты жауап қатса, мәз-мейрам, шат-шадыман болатын балалар өздері де сондай болуға талпынады. «Болмаса да, ұқсап бағады».

Ертегілер балалардың өз сезімдерін жете тануына да көмектеседі. Психолог Бруно Беттелхайм ертегі оқитын балалар психологиялық тұрғыдан ерте жетіледі, дейді. Себебі өздерін басты кейіпкердің орнына қою арқылы жандарын жегідей жеген көп сауалға жауап тауып отырады, күдіктің ішінде қамалып қалмайды. Мәселен, нағыз дос қандай болуы керек деген сұрақ туа қалса, «Екі дос пен аю» ертегісі көмекке келеді. Мұны естіген я да оқыған бала жақсы достың қысталаңда ат сауырын беріп, айдалаға тастап кетпейтінін, әманда қасынан табылатынын түсінеді. Сыр айтпауды да манағы Аяз би ертегісінен біледі. Уәлібайдың қызы Жаманға «қайрақтай болып езілгенше, тәрелкедей болып уатылғанша, пышақтай болып басы кесілгенше сыр айтпайтын кісі, мына гауһар тастай жарып мені алады» демей ме?! Сыр сақтаудың стандарты бүкпесіз беріледі.

Оның үстіне, ертегілер қиядан қиын жол табуға тәрбиелейді. Ағылшын жазушысы Честертон: «Ертегілер балаларға айдаһардың бар екенін үйретпейді. Айдаһардың жер басып жүргенін балалар онсыз да біледі. Ертегілер басы бұла айдаһарды бұғалықтауға болатынын үйретеді», – деген екен. Төңірекке от шашқан айдаһарды әлдебір батыр ұйпа-тұйпа қылады да, жалпақ жұртқа тыныштық сыйлайды. Бала қауіптің сейілетінін, күрмеуі қатты түйіннің шешілетінін түсінеді. Тек өжеттік пен тапқырлық қажет.

Ертегілер – тіл ұстарту үшін таптырмас құрал. Аңыз-әпсаналармен там-тұм танысқан баланың таным аумағы өлшеусіз кеңейеді, сәйкесінше, сөздік қоры бай, қордалы болады. Батырлар жырын, қисса-дастандарды тыңдап, оқып өскен жеткін нақысты сөйлеуді, ойын өлеңмен жеткізуді үйренеді. Тайбурылдың шабысын ойша елестетеді, «көлденең жатқан көк тасты, тіктеп тиген тұяғы, саз балшықтай илеп» жатса, қандай жойқын болған деп ойланады.

Кей ертегілер – түбі бір, тілі ортақ, тіршілік кебі үйлес халықтардың ортақ қазынасы. Жастайынан жыр естіп, ертегі тыңдап, әр түрлі аңыздарға қаныққан бала есейе келе, қонысы жапсарлас жұртпен еркін жұғысады. Бағзы бір заманда төскейде малы, төсекте басы қосылған туысты кеудеден итермей, бауырына тартады. Қожанасырдың түркі жұртына ортақ кейіпкер екендігі белгілі. Қазіргі таңда түркі тілдес халықтардың жақындасуына сүбелі үлес қосып жатқанның бірі – сол Қожанасыр атамыз десек шындықтан алыс кетпейміз.

Ертегі – экономикалық дамуға да үлкен көмектес. Кітап жазып, кино түсіріп, туризмге ақша құйып… Жоқ, олай емес. Жаңа Зеландия – шетін жағдай. Ертегі ойлануға үйретеді дедік қой. Ал, ойлана алатын, қиялы бай адам кітап қана жазбайды, толып жатқан басқа істерді де үддесінен шыға орындайды. Балаларға арнап фантастикалық жанрдағы кітаптар жазатын жазушы Нил Гейман 2007 жылы Қытайға, осы мәселеге қатысты бір конференцияға, шақырылған екен. Әрине, мұндай жанрдағы шығармаларға оң қабақ танытпай келген елдің төтенше шешіміне мейлінше таңданған. Бара салып, ұйымдастырушының бірінен себебін сұраған екен. Әлгі кісі несін жасырсын! Айтуынша, осы уақытқа дейін қытай жұрты дайын жобаны іске асырып, ғаламат дүниелер жасап келді. Бірақ бұл заттарды өздері ойлап тапқан жоқ, тіпті, дамытқан да жоқ, қаз қалпында көшірді. Бұлай жалғаса бермейтінін білген соң, бірнеше жыл бұрын ел үкіметі АҚШ-қа – Apple, Microsoft, Google сынды компанияларға бір делегация жасақтаған екен. Барғандар аталмыш фирмаларды құрушы тұлғалармен арыла сөйлескен-дағы, олардың жас кезінде ғылыми фантастикалық кітаптарға құмартқанын байқаған. Делегация елге оралысымен, осындай жанрдағы кітаптардың санын арттыруға күш салған. Нил Гейман қатысып отырған конференция – сол ауқымды науқанның жалғасы, жарқа-бөлшегі екен.

Түйіп айтсақ, ертегінің берері мол, қайтарымы телегей. Адам капиталы бағаланатын қазіргі заманда балаларымыздың кішкентай кезінен ертегі оқуын қадағалағанымыз жөн. Эйнштейннің айтуынша, интеллектуалдық өрені логика емес, қиялдың байлығы анықтайды. Логика А пунктінен Ә пунктіне жетуге көмектессе, қиял бүткіл әлемді кезіп шығуға мүмкіндік береді. Қанаты қатты, қарымы ұзын, бағалайық та байытайық!

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×