Бүгін:

Джеймс Алтучердің «Choose Yourself» кітабындағы ұтықты ойлар

Без названия

Джеймc Алтучердің айтуынша, жаңа дәуірде екі ғана таңдау бар: я уақытша жұмыскер (temp staffer) боласыз, я да жасампаз-кәсіпкер (artist-entrepreneur). Басқаша айтқанда, маңдай терін сатып, нәпақа табатын қатардағы қызметкер немесе ойлап-тапқыш, инноватор, инвестор, маркетолог және кәсіпкер. «Және» деген сөзді жай қосып отырған жоқ. Сірә, креативті адам, сонымен қатар кәсіпкер болуы керек.

Автор Иел университетінің психолог-ғалымы Стэнли Милграмның тағылымды тәжірибесін мысал етіп, аса байыпты толғамын жеткізеді. Тәжірибе бойынша, университет студенттері метрода жас-кәрі деп талғамай, кез келген адамға «орныңызды бересіз бе?» деп сұрау салған екен. Қызығы, жолаушы жұрттың түгелі болмаса да, қомақты бөлігі (70%) ың-шыңсыз орындарын босатып беріпті. Алтучер атаулы зерттеуде екі нәрсеге назар аударады. Біріншісі, жасөспірім жеткіннің төтенше өтінішін екі етпей, қалауына жығылған қауымның көптігіне. Екіншісі, студенттердің өзгеше экспериментті түу бастан ұнатпай, ақырына дейін қашқақтап баққанына. Белгісіз біреуден бірдеңе сұрау тәрбиеге жат, түсінікке қайшы. Автор адам баласы табиғатында жеке өзіне ғана пайдасы бар іске, арнайы рұқсат болмайынша, оншама құлшынбайтынын айтады. Алайда, оның пікірінше, Өзіңді Таңдау дәуірі (Choose Yourself era) еркелікті көтермейді. Замана демін, нарықтың өзгеріп жатқан ережелерін ерте түсіну сенім мен машықтың бұрын қалыптасуына жетелейді. Мұндай капиталы бар адам бизнестегі бәсіре орнын сұрап алуға мейлінше лайықты һәм бейім тұрады.

Әрине, жеке бизнес бастап, тамырын тереңге жіберу – біршама дайындықты керек ететін, аса күрделі шаруа. Сізді айтпай түсінетін көреген инвестор да, құшақ жая қарсылайтын көшелі клиент те бірден табыла кетпейді. Орайлы сәт, қолайлы адам іздеп, ертелі-кеш сабыласыз. Жолай қаптаған қиындыққа кезігесіз, бетіңізді қайтарып, жігеріңізді құм қылатын ауыр, зілді сөздер айтылады. Көңіліңіз жабырқау, сеніміңіз қасым болады. Тар қысаңнан шығатын саңылау іздеп, үмітсіз күйден тезінен арылуға, қайта көтерілуге тура келеді.

Алтучердің пайымынша, таулы-қыратты бизнес әлемінде шайқалмай, үнемі алға ілгерілеу үшін адамның іргетасы айтарлықтай мықты болуы керек. Атаулы іргетасты физикалық, эмоциялық, ментальді және рухани денсаулықты нығайту арқылы ғана барынша күшейтуге болады. Тәні мен жаны сау, ойы мен сезімі асқақ жан ғана көлденең бұтаға сүрінбей алға жылжымақ, арманды тұғырына көтерілмек.

Физикалық дене – өмір сүру үшін сақталуы міндет қабыршақ. Физикалық денсаулықты жақсарту үшін фаст-фудқа жоламаңыз дейді автор. Кем дегенде жеті немесе тоғыз сағат ұйықтау қажет. Спирттік ішімдікті мөлшерден тыс қолданбаңыз. Жаттығу жасаңыз. Жүгіру міндет емес. Жаяу жүру керек. Әрбір 90 минутта 10 минут әрлі-берлі жүру айрықша пайдалы. Лифттің орнына баспалдақты қолдануға тырысыңыз.

Алтучердің күндік режимі: Таңертең 5-6 шамасында оянып, протейнге бай ас ішеді. Түскі асты 2 немесе 3-те бітіріп, кешке дейін дәм сызбайды. Мейлінше көп жаяу жүреді. Кешкі 8-9-дарда ұйқыға жатады. Екі мезгіл тамақ денсаулықты өлшеусіз жақсартатынын ерекше ескертеді.

Эмоционалды дене. Көңіл-күйдің көтеріңкі болуы жақсы ортаға тікелей байланысты. Айналаңызда жұғымды жандардың көп болғаны абзал. Олар қиналғанда себесін, құлағанда демесін, түңілгенде тіреуіш болады. Автор көңіліңізге қаяу түсіретін орайсыз адамдардан аулақ болыңыз деп кеңес береді. Қандайда бастамаңызға күмәнмен қарайтын, ең татымды жобаңыздың өзін аяусыз сынап, түбінде өзіңізге деген сенімнен айыратын қадірсіз достан ірге аударыңыз. Әрине, ізім-ғайым жоғалып кету мүмкін емес. Жұмыс я тұрмыс орайымен ара-кідік ұшыратуыңыз мүмкін. Ұзақ бөгелмеңіз, іші-сыртыңызды ақтармаңыз, әңгіменің тиегін тіпті ағытпаңыз. Алыстан сыйласуға тырысыңыз.

Орайсыз кездесулерді азайту үшін Алтучер аз сөйлеуді әдет қылыпты. Айтуынша, күніне қатардағы адам орташа есеппен 2500 сөз қолданады екен. Ол өзін 1000 сөзбен шектеген. Сондықтан ауыздан шыққан әрбір лепес қатаң тексерістен өтеді.

Ментальді дене. Автордың айтуынша, адамның миы – өкімі зор қожайын, билігі тежеусіз бастық болуға тырысады. Өткен мен ертеңді алға салып, уайымға жетелеу, ауыр қайғыға батыру, қабырғаны қайыстыратын қажетсіз оқиғаларды еске түсіріп, ішкі қуат пен жігерді түгесу – соның ісі. «Қаза берсең, қайғы көп» деген.

Алтучер асау атқа ноқта кигізіп, жүгендеу керек деп кеңес береді. Әйтпесе, басыбайлы құлға айналып шыға келесіз. Әдетте, күші кенересінен тасып, дес бермейтін миға бірнеше тапсырма беріп, әбден діңкелету керек екен. Мәселен, көп уақыт ұтуға көмектесетін он жол іздесін, сіз соларды қағазға түсіріңіз. Немесе келешегі зор он бизнес жоба сызыңыз. Осы тектес көп ойлануды керек ететін ұзын-сонар тізім жасаңыз. Мұндай соқталы сұрақтарға жауап іздеген ми қатты шалдығып, әбден шаршайды. Құр сүлдері қалған басыңыздағы аппарат сізді мазалауға мұршасы келмейді. Бар күшінен айырылып, тақа өшіп қалады. Ондайда Алтучер тезінен ұйқыға кетіп, мызғып алады.

Рухани дене. Адамдардың көбі өткеннің өкініші мен келешектің үрейі арасында далбаса күн кешеді. Алтучер мұны «уақыт сапары» (time travelling) деп атайды. Әсілі, өткен де, ертең де жоқ, елесі ғана бар. Олар – құр естелік пен болмашы болжамдар жиынтығы. Оларға билік жүргізу мүмкін емес. Мұндай әдеттен тезінен құтылу керек. Керісінше, бүгінгі күнге айрықша назар аударып, қолдағы мүмкіндікті барынша пайдаланған абзал.

Бірде Нью-Йоркқа саяхаттап барған автор көшедегі қарақұрым халықтың көзінен ертеңгі немесе кешегі күнмен өмір сүріп жүргенін аңдаған екен. Олар уақыт сапарында жүр дейді ол. Осындай дүдәмал күйден арылудың жолы ретінде Алтучер ғимараттың шатырына, қаланың жалпы көркіне тесіле қарап, ойлануға тырысады екен. Ол осы әдіс арқылы өзін бүгінгі күнге, қазіргі сәтке байлап қояды.

Түйіп айтсақ, автор жаңа заманда жетістікке жетуге асыққан жанның сүйікті ісімен ғана айналысқаны жөн деп ескертеді. Көңіліңіз дауаламайтын ұсақ-түйек жұмыстар, ірілі-уақ жиылыстар, көлденең кездесулер кеудедегі шақтаулы қуатты тақа тауысып, негізгі шаруаны атқарып шығуға мүмкіндік бермейді. Басты мәселе – ішіңізді бүтіндеп, сыртқа ақтарыла төгілетін толқын жарату. Жан әлеміңізде тулай көтерілген толқын көңілі күпті көп адамның серпіле түрегеп, жеке бизнес бастауына баспалдақ болады.

Ал, егер өзіңіз қаламайтын қандайда бір іске «иә» деп жауап беріп үйренсеңіз, ішіңіздегі толқынның күші әлсіреп, қуаты сарқыла бермек. Ондайда басқа тұрыпты, өз басыңызды алып жүру қиынға соғады.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×