Бүгін:

ГАРВАРД БИЗНЕС МЕКТЕБІНІҢ бір ерлігі

Harvard University in Boston

Harvard University in Boston

Гарвард Бизнес мектебінің бір ерлігі

Ақ-адал еңбегінің арқасында үлкен байлыққа жетіп, абырой тапқан бір бизнесменге баласы келіп: «Әке, мен бақуатты өмірден шаршадым. Ақшаның көптігі мені бойкүйездікке жетелеп, оқуға, үйренуге деген ықыласымды жойды. Бұдан былай маған көк тиын бермеші, өзімді-өзім жеткерейінші. Тіпті, есім-сойымды өзгертуге рұқсат етші. Әйтпесе, сені танитын жұрт маған да артық құрмет жасап, ертелі-кеш әспет пен сияпатқа көмеді. Ал егер күндердің күнінде жаманатқа ілініп қалсам, сенің де абыройыңа нұқсан келеді ғой! Пәленшенің баласы әкесіне тартпай туған екен деп сөз қылады ғой», – десе не болар еді?! «Ойпыр-ай» дейтіндей ештеңе болмас еді. Келісті тұрмыстан бас тартқан бала мақтауға ілініп, біраз уақыт әңгімеге арқау болатын еді. Болды. Ал бірақ мұндай батыл қадамға даңқы аспанмен таласқан білдей оқу орны барса ше?!

Мол ақшаның буына елтіп, басы айналғанын, сөйтіп жүріп бірқатар әнтек іске ұрынып қалғанын мойындап, ел-жұртқа мағлұм еткен Гарвард Бизнес мектебінің ұжымы тарихқа тіркелетін осындай ерлік жасады. 4 май күні озық ойлы басылым The Economist-те жарық көрген «Harvard Business School risks going from great to good» атты мақала дабыралы мектептің кемістік-кінәратын тізбелеп, бүкпесіз әйгіледі. Негізгі адресат – бар игіліктің ұйтқысы, үлкен шаңырақ Гарвард университеті.

Кірнелі ұжым түйткілді проблемаға көшпес бұрын Гарвард Бизнес мектебінің (HBS) кешегі жетістіктері мен бүгінгі айбарын еске салыпты. Олардың сөзіне сенсек, 1908 жылдан бері тақау-жыраққа даналық нұрын шашқан, әлемдік маңызы бар зерттеулерге себесін болған оқу орны – Америкадағы айдынды да сәулетті құрылымдардың бірі екен. Бұл жерде еңбек еткен ғұлама ғалымдар өткен ғасырда Американың экономикалық тұрғыдан дамуына, Екінші жиһан соғысында үстем шығуына қалтқысыз атсалысыпты. Заман түзеліп, бәсекелестік үдеген жалғас жылдары HBS өзгеше жолға түсіп, кәсіпкерлікті ғылым дәрежесіне көтеруге жарапты. Тап қазір Америкадағы MBA студенттерінің 1 пайызын қамтыса да, әлемнің түкпір-түкпірінде оқытылатын бизнес кейстердің түгелге жуығын дайындап беретіні содан екен. Сәйкесінше, HBS-тің қабырғасында тәлім алған талайлы жастар оқуды тәмамдағанда жұмыс іздеп сандалмайды екен, аз-маз талап қылса, McKinsey-дің офисінен, тағы да ышқанса, ордалы компаниялардың салтанатты төрінен (СЕО) бір-ақ шығады екен.

Гарвард Бизнес мектебінің қоғамдық орны мен құдірет-күшін айғақтап болған соң, мақала авторлары бауырдағы байлықтың мөлшері мен тұма-бұлағын көрсетуге ойысады. Ақша төрт тараптан құйылады. Атап айтқанда, бюджеттің 17 пайызы – 127 миллион долларға жете-қабыл қаражат MBA бағдарламасынан келеді. Себебі бұл дипломды керек қылған студенттер жылына 71,635 доллар ақы төлеуге міндетті. Өте көп ақша. Ілгеріде ғалымдар мұның себебін түсіндіреді де, қадарынша жаймашуақтауға тырысады. Олардың айтуынша, Гарвард Бизнес мектебінде MBA оқитын студенттер жер-жаһандағы ең өтімді бизнес кейстармен танысып, елден бұрын кәдеге жаратады. Оның үстіне, оқу біткеннен кейін көмек жалғайтын адамдармен ерте бастан танысып, пайдалы байланыстар орнатады. Гарвард Бизнес мектебінен түлеп ұшқан жастардың бір-бірімен тығыз араласып, қолдасып тұратынын ескерсек, бұл – қайтарымы күмәнсіз инвестиция екен.

Бюджеттің келесі бір жарқасы – 176 миллион доллар (23 пайыз) – компания басқарып отырған, оқуға уақыты жоқ СЕО-ларға арналған қысқа-мерзімді курстардан төгіледі. Бұл – MBA-дің жалт беріп түрленген, жұпыны нұсқасы. Алайда кітап сатылымынан түсетін пайда (29 пайыз) бұдан әлдеқайда көп екен. Мектептің қабырғасында туған бизнес кейстар үлкен сұраныста, дейді олар. Қалған 31 пайызды қалтасы қалың меценаттар толтырады.

Не керек, аталмыш бұлақ көздері тоқтаусыз кеңейіп, HBS-тің қазынасын қампитып барады. Гарвард университеті жыл сайын 5 пайыз көрсеткішпен өссе, одан бүйрегі ажырамаған мектептің қарқыны 3 пайызға артық. Сәйкесінше, HBS ұжымының табысы – тақау төңіректегі оқу орындарымен салыстырғанда, әжептеуір жоғары. Бірталайдан бері таршылық көрмей, шалқып-толқып, байырқалы жағдайда тіршілік кешіп келеді. Бірақ, дейді хаттың авторлары, осы молшылық түбінде сорға айналып, тарихы байтақ мектепті жар жиегіне жеткізуі мүмкін.

Олардың айтуынша, көзге көрінбейтін кеселді 3 түйін тарқатылмаса, Гарвард Бизнес мектебінің болашағы бұлдырға айналып, даңқты күндері келмеске кетеді.

Біріншіден, мүдделердің бітіспес қайшылығы. Мойындау керек, дейді олар, қомақты қаржы құйып жатқан донорлар ішкі істерге бей-берекет араласып, бизнес кейстардың кіршіксіз болмысына әсер етіп отыр. Себебі HBS оқытушылары үлкенді-кішілі зерттеулерді басқа жерде емес, көп жағдайда демеуші компаниялардың қабырғасында жасайды. Бұл – ғылымдағы объективтілікке кесірі тиетін, сыңаржақ түйіндерге жетелейтін оспадар жағдай. Ол ол ма, сырттағы фирмалардың «тапсырмаларын» тындырып жүрген кейбір зерттеушілер қосымша пайда табуға әбден төселіп алған. Басшылық тарапынан рұқсат етілген бұл тәртіп ғалымдардың міндетті жұмыстарын абыроймен атқаруына кедергі келтіріп жатқаны күмәнсіз.

Екіншіден, HBS интеллектуалдық индустрияда бұрынғыша көш бастап тұрған жоқ, күн озған сайын кейін кетіп барады. Егде тартқан Майкл Портер мен Клейтон Кристенсон сынды бизнес ойшылдардың ізін басқан жырынды жастардың төбесі көрінбейді. Бір ғана дәлел – соңғы уақытта бизнес ортаны дүрбелеңге түсірген «The Second Machine Age» атты кітаптың авторлары Гарвард Бизнес мектебінен емес, қонысы жапсарлас Масачусетс технология институтынан (MIT) шықты. MIT ғана емес, технология индустриясының құт мекені – Стэнфорд университеті де қанатын кеңге жайып, озғындап барады.

Үшіншіден, студенттерді әр түрлі таптан іріктеп алу саясаты мүлдем божырап, ауқатты отбасыдан шыққан жеткіндердің қатары көбейіп келеді. HBS тұрмысы жұпыны талапкерлердің жолын ашуға ұмсынғанымен, соңғы бес жылда оқу ақысын 31 пайызға арттырып, қосымша бөгесіндер жаратты. Бұдан отыз жыл бұрын оқу нарқы екі есе төмен болғанын ескерсек, қазіргі ахуалдың қаншалық ауыр екенін аңдау қиын емес.

Әділдікке бейім мақала авторлары ғылымы қалық, оқу ақысы жоғары HBS ескілікті бизнес моделін өзгертпесе, алдағы уақытта да дарынды жастардан көз жазып қалатынын, ол ғана емес, қалталы кәсіпкерлердің ықпалына түскен, объективтілігі кеміс бизнес кейстар баяғыша бағаланбайтынын басып айтады. Және, HBS-тің бұл ғапыл істері ерте ме, кеш пе Гарвард университетінің абыройын былғап, жер-әлемдегі жарқын имиджіне көлеңке түсіретінін ескертеді. Бұл тараптағы сөздерін – университет басшылығы ертең – пұшайман жағдайға түспес үшін бүгін – шаңырақтың астында шалқып отырған шалдуар «мектептің» кертартпа менеджментін жаңа арнаға түсірудің жолдарын қарастырсын деп түйіндейді.

Өйткені, 2010 жылдан бері алапат реформаларды жүзеге асырып келе жатқан HBS деканы Нитин Нохриа, ақыры, қысқа жіптің күрмеуге келмейтінін, өзінің өлшемінен артық шаруа бітіре алмайтынын түсінді. Студенттерді топ-тобымен мешеу дамыған елдерге аттандырған, жымысқы есебі бар демеушілерді аяусыз сынауға рұқсат берген, және басқадай байыпты бастамаларға мұрындық болған ол түбегейлі өзгеріс, түбірлі трансформация болмаса, «баяғы жартастың – сол жартас» боп қалатынын амалсыз мойындап отыр.

Бар проблеманы бүкпесіз бажайлаған мақала авторлары шырғалаңды шешіп, түйінді тарқататын ұтырлы жолдарды да ежіктейді. Олардың ұғымынша, кежегені кейін тартып тұрған жойдасыз жүйеден құтылу үшін ең әуелі – донорлардан төгілетін қосымша қаражатты шектеу керек. HBS ұжымы сырттан келетін көмектен бас тартып, қарапайым тіршілікке бейімделсе ғана, тәуелсіз шешімдер қабылдап, сапалы зерттеулер жасамақ. Немесе, дейді олар, Гарвард Бизнес мектебі деген атауды тәрк етіп, «The Boston Business School Inc» намындағы іргесі бөлек құрылым боп жаңара түрленсін. Сонда ғана, бизнес мектептің өрескел қателіктері мен бейқам шабандығы айдынды университеттің абырой-беделіне нұқсан келтірмейді, тілегі бөтен мекеме ретінде оқшау жағдайда тіршілігін жалғастыра береді.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×