Бүгін:

БҰРЫЛЫСТЫ ҚАДАМ

7

Pivot: The Only Move That Matters Is Your Next One by Jenny Blake

Бүгінгі бұлыңғыр заман бел шешкен жайбарақаттықты көтермейді. Қашанда жаңаға ұмтылып, соныға тартуды үйрену керек. Кезі келіп, кезеңі жеткенде жұмыс орнын ауыстырып, жеке бизнес бастауға да дайын болу қажет. Әйтпесе, ақ-адал еңбегіңіз бен қаяусыз қызметіңіз ескерусіз қалады. Бұлай деп кәсіпкерлікті ұлықтайтын іскерлік әдебиет ескертеді. Жаһанданудың дүлей тепкіні ерте ме, кеш пе, қамсыз жүрген жұмыр бастыны жалмап, біржола жұтып қояды деп қорқытады. Мүлдем негізсіз емес. Алғашқы салқыны сезіліп те жатыр.

Дей тұра, үйреншікті соқпақтан кетіп, белгісізге түсу – көлденең бір шаруа емес, тәуекелі мол, шиыртпақты мәселе. Әумесер, аңқау болмаса, жүрегі түкті жігіттің өзі бөтен жерде тапырақтап шаба бермейді, мейлінше сақтық танытады. Оппа мен жыраға жолығып, омақаса құламау үшін алдағы жолға көз жіберіп, мүмкін ықтимал бөгесіндерді байқастайды. Дәп солай, толқымалы жұмыс нарығында табан тіреп қана қоймай, салымды бизнес негіздеуді көздейтін адам бей-берекет қимылдамай, еппен, сақ жылжығаны абзал. «Көппен көрген ұлы той» деп дүрмекке ере берсе, ұзаққа бармайды, алғашқы бекетте белуардан қарызға батады да, беті қайтып қалады. Бұл – «Pivot» атты еңбектің авторы Дженни Блейктің түйінді сөзі.

Өткен жылы жарыққа жетіп, іле-шала деңгейі жоғары басылымдардың мадағын естіген атаулы бестселлердің қысқаша мазмұнын төменде беріп отырмыз. Ең айшықты тұстарын ғана тердік.

Кітаптың басқы тарауында жұмыс нарығының бүгінгі құбылмалы табиғаты сөз болады. Автор бұдан былайғы уақытта бір мекемеде табан аудармай қырық жыл бойы жұмыстаудың мүмкін болмайтынын шегелеп айтады. Кінәрат – жұмыс берушіде ғана емес, жалдамалы қызметкердің толқымалы мінезінде.

Қазіргі таңда үлкенді-кішілі құрылымға тіркелген адамдар байыздап отыра бермейді, бақытын басқа жерден іздейді. Gallup-тың зерделі бір зерттеуі кесімді жалақысы бар жұрттың 90 пайызы міндетті шаруасына «селсомсоқ қарайды» (not engaged) немесе «мүлдем ажырап қалған» (actively disengaged from their jobs) дейді. Мүмкіндік туса, толайымен кетіп қалуға бар деген сөз. Атаулы трендтің болмысын індете зерттеп, «Navigating Successful Job Transitions» атты кітап жазған Скот Угриг те: «Жұмысқа, карьераға қатысты қалыптасқан бұрнағы түсінік барынша өзгерді», – деп бір-ақ тұжырады. Ол ол ма, «карьера» деген сөздің өзі баяғының сарқындысы, тозығы жеткен, жарамсыз термин дейтіндер де бар.

Жұмыс нарығының ақиқат жүзі осындай екенін тәптіштей келе Дженни Блейк басқалар құсап айқай-аттанға баспайды. «Бар кілтипан – келесі қадамда», – деп мипаздайды. Бір жұмыстан екіншісіне ауысатын кезде асығыстыққа бармай, дұрыс қадам жасаған адам ешқашан ұтылмайды деп сендіреді. Өтпелі кезеңдегі жауапты қадамды Автор – «pivot» деп атықтырады. Бұл сөз бизнес әлемінде жансебіл жоспар (Plan B) деген мағнада қолданылады екен. Егер компания ойсыраған шығынға ұшырап жатса, «pivot» жасап, басқа бір жолға түседі. Алайда карьераға келгенде «Pivot» – қосалқы жоспар (Plan B) емес, түпкі мұраттың шегінде жасалатын қажетті өзгеріс. Неге олай?!

Тәрізі, бағдарлы жолынан жаңылған бизнестің қорыс батпақта қалып, біржола банкрот болмау үшін бөтен салаға кетуі мейлінше қисынды. Ал бірақ мұндай бетбұрыс – білім-білігіне сүйенген жайдақ қызметкердің бұрнағы еңбегін зая кетіріп, мөлшерлі капиталын түгеспек. Өйткені, адам капиталы – есептеулі уақыт пен шектеулі мүмкіндіктер аясында қалыптасатұғын құндылық. Пәлен жасқа келгенше бір тірлікпен айналысқан маман мүлдем кереғар салаға ауысып жатса, барлық артықшылығынан айырылады. Бизнестегі «pivot» карьера жолындағы адамға қауіпті болатыны содан. Кітап Авторы бейтаныс мамандыққа барыңыз демейді, өзіңізге етене индустрияда ұтымды қадамдар жасап, жағдайыңызды жақсартып алуды үйреніңіз, дейді.

Жүйкеге салмақ түсіретін оқыс оқиғалардың өмірдің әр белесінде орын алып жататыны белгілі. Мысал үшін, жақын адамның өлімі, айықпас ауруға тап болу, жұмыстан қуылу – бәрі-бәрі дағдарысқа жетелейтін елеулі жайттар. Әйтсе де, Автор бұларды – «pivot» кезеңі деп есептемейді. Себебі аталмыш өзгерістер кісі ұлының ырқынан тыс, тосыннан килігеді. Ал «pivot» – карьерасында белгілі бір межеге жеткен адамның өз ықтиярымен жасайтын шешімтал қадамы.

Дженни Блейктің ең үлкен табысы – «pivot» деп аталатын ұрымтал қадамды 4 кезеңге жіктеп, әрқайсына жеке-дара тоқталуында. Бүткіл кітап – Егу (Plant), Барлау (Scan), Тексеру (Pilot) және Бастау (Launch) – деген тарауларға бөлініп, дәйекті мысалдармен тұздықталған. Автордың айтуынша, бір төбеден екінші төбеге сәтімен өту үшін атаулы 4 тәсілді орнымен қолдану керек. Түсінікті болу үшін баскетбол ойыншысының алаңдағы қимылы мысалға алынады. Қолында добы бар ойыншы бір аяғын жерге қадайды да (planting), екінші аяғымен айналаны тексере бастайды (scanning). Ізінше, допты ең оңтайлы тұстан ең ыңғайлы әріптеске сырғытып, қаншалық ұтымды болғанын байқастайды (piloting). Осындай ұтымды-ұтымсыз, алма-кезек алыс-берістің сәтті бір тұсында қапысын табады да, допты нысаналы жерге жөнелтеді (launching).

Келесі ретте Автор атаулы терминдерді кеңінен түсіндіруге ойысады.

Егу (Plant) – сіздің құндылықтарыңыздың, басымдықтарыңыздың, қызығушылықтарыңыздың, және бір жылға дейінгі жоспарыңыздың сығындысы, солардың негізінде қаланатын іргетас. Ең сәтті «pivot-тар» өзіңіздің кім екеніңізді, немен айналысып жүргеніңізді және жетістік деп нені танитыныңызды ажыратып білгеннен кейін жүзеге асады екен.

Барлау (Scan) – жаңа және тамырлас машықтарды зерттеу, басқалармен сөйлесе жүріп, ықтимал мүмкіндіктер мен бос нишаларды байқастау. Бұл – бақылау, зерделеу кезеңі. Жұмыс нарығында әлдеқандай бір кетік бар ма, жоқ па, болса оны қалай толтыруға болады деген сұраққа жауап іздейтін уақыт.

Тексеру (Pilot) – үлкен рискке бармай, шектеулі шығынмен ойдағы жобаны жүзеге асыру. Кішігірім эксперименттер нәтижесінде нарықтағы жағдайды жақыннан түсінесіз. Шынайы ақпар алып, бұрнағы долбарларыңызбен салғастырып көресіз. Құрғақ теориядан алыстап, ақиқат тұжырымдар жасауға ойысасыз.

Бастау (Launch) – дайындығыңыз қапысыз дейік, енді арманды жолға түстіңіз. Автордың айтуынша, жоғарыдағы үш сатыда әрлі-берлі тынымсыз жүрген адам соңғы кезеңді сәтімен өткереді. Мұратты жерге жетудің 80-90 пайыз ықтималдығы алдыңғы сатыларға байланысты. Толғағы жеткен іс қана баян тауып, ойдағыдай нәтиже бермек. Сондықтан Бастау (Launch) кезеңіне асықпау керек. Уақыттың көбін бірінші, екінші және үшінші сатыларға арнау керек. Сонда ғана есеп қатесіз шықпақ.

Түйіп айтқанда, карьераңызда қандай да бір өзгеріс жасауға ниет етсеңіз, әуелі қолыңыздан келетін істі белгілеңіз, содан кейін ол қоғамға керек пе, жоқ па, соны тексеріңіз. Егер әлдеқандай бір қажеттілік бар екені көрінсе, шектеулі инвестиция жұмсап, жүзеге асырып көріңіз. Осы үшеуінің арасында тынымсыз қатынап отырсаңыз, ертең пайдаға шығатын жұмыс пен бизнесті анықтауға жарайсыз. Түсінік артып, сенім бекігеннен кейін шабандық танытпай, білек сыбанып, кірісіп кетсеңіз, мұратыңызға жетесіз.

Пікір қалдыру |

A- A A+
Яндекс.Метрика
Журналға жазылу

 

Аты-тегі:*
Мекен-жайы:*
E-mail:*
Телефон:*
Нөмірлер саны:*
button_21
×